Сот Шымкенттің бұрынғы әкімі Мұрат Әйтеновтің ағасы Марат Әйтеновтің бұрынғы әйелі Дана Әтешоваға балағат сөз айтқаны үшін ескерту жасады.
Іс материалдарына сәйкес, келіншек отбасылық жанжал барысында бұрынғы жұбайына қатысты былапыт сөздер айтқан.
Сотта ол өз кінәсін мойындамады. Ол бұрынғы жұбайын былапыт сөздермен қорламағанын, тек былапыт сөздер түріндегі етістікті қолданғанын түсіндірді. Сонымен бірге бұрынғы жұбайының үйде заңсыз болып, оны арандатқанын жеткізді.
ӘҚБтК-нің 73-бабы 1-бөлігінің санкциясы ескерту жасау не 5 тәулікке әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеп соғады. Құқық бұзушының жас балалары бар және ол қамаққа алу қолданылмайтын адамдар санатына жатады.
Құқық бұзушының жас балаларының болуы және құқық бұзушылықты алғаш рет жасауы жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде танылды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Сот ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолданып, келіншекті ӘҚБтК-нің 73-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды.
Бұған дейін Шымкенттің бұрынғы әкімі Мұрат Әйтеновтің ағасы Марат Әйтенов әйелін үйінен күштеп қуып шыққан видеосы желіде тараған еді.