Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ мен «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС басшыларына қатысты ірі көлемде пара алу және беру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.
Тергеу барысында «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС басшылығы қаржы ұйымдарының сұраныстарына ақпараттық қызметтер көрсету кезінде өз мүдделерін ілгерілету мақсатында «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басшыларына жүйелі түрде заңсыз сыйақы бергені анықталған.
2025 жылғы 28 маусымда Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында 75 мың АҚШ доллары көлеміндегі пара беру кезінде келесі тұлғалар ұсталды:
Рамиль Омаров – «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС бас директоры;
Акмәди Сарбасов – «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басқарма төрағасы, бұрын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірінші вице-министрі болған;
Даурен Арғандыков – осы орталықтың бұрынғы басшысы, сондай-ақ бұрын ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі қызметін атқарған.
Күдіктілердің тұрғылықты мекенжайларын тінту кезінде 370 мың АҚШ доллары (шамамен 192 млн теңге) мен 4,5 миллион теңге тәркіленді.
2025 жылғы 30 маусымда сот шешімімен Сарбасов, Омаров және Арғандыковқа қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды.