Қазақстан үкіметі азаматтарды жыныстық ерекшеліктері бойынша алалауға жол ашатын петицияны қабылдамауға тиіс, – деп жазады Азаттық.
Бұл Қазақстан қабылдаған халықаралық құжаттар кепілдік беретін пікір айту еркіндігі, заң алдындағы теңдік тәрізді адам құқықтарына қайшы деп мәлімдеді БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі кеңесінің арнайы процедураларының (Special Procedures of the Human Rights Council) сарапшылары 31 шілде күнгі мәлімдемесінде.
«Әу баста-ақ үкімет бұл петицияны қарамауға тиіс еді және қазір кері қайтарылуы керек. Петицияның өзі қате түсінікке негізделген және одан туындайтын кез келген заңнама адам құқығын таптауға жол ашады» деді сарапшылар.
БҰҰ мәлімдемесі 1 тамызда Астанада үкіметте «Біз ЛГБТ-ны Қазақстан аумағында насихаттауға қарсымыз!» атты петиция талқыланайын деген шақта жарияланып отыр.
Мәлімдеме авторларының пікірінше, петиция адам құқығы мен еркіндігін бұзуға жетелейтін мәлімдемені қарауға тыйым салатын әкімшілік-процестік кодекске қайшы.
Егер үкімет петицияны қабылдап, гей, лесби, трансгендерлердің пікір айту құқығын таптайтын заңнаманы мақұлдаса, бұл Азаматтық және саяси құқық туралы халықаралық пакт (бұл пактіні Қазақстан 2005 жылы қабылдаған) кепілдік беретін пікір айту еркіндігі мен заң алдындағы теңдік сияқты адам құқығының көп түрлерін бұзады дейді олар.
Мәлімдеме авторлары бұған дейін ЛГБТ өкілдерінің құқықтарын таптайтын заңнама «жасөспірімдерге теріс ықпал етеді» деген желеумен Ресей мен Қырғызстанда да қабылданғанын атап өтіп, Қазақстандағы петицияда айтылған «уәждер» соған ұқсас екенін айтады.
«Қазақстан билігі адамдарды жаңылдыратын, алалау сипатындағы, адам құқығын бұзуға жағдай жасайтын петицияны кері қайтаруы керек. Бұлыңғыр тұстары көп мұндай заңнама азаматтық қоғам ұйымдары мен құқық қорғаушыларға кері әсер етеді, кемсітушілік, тіпті зорлық-зомбылық етек алатын жауластық ортаның қалыптасуына ықпал етеді» деп жазылған мәлімдемеде.
2020 жылы БҰҰ-ның Адам құқығы кеңесі Қазақстандағы адам құқығы ахуалына шолу жасағаннан кейін ресми Астана «азаматтық қоғам мен гей, лезби, трансгендер, бисексуал және интерсексуалдарға қатысты белсенділер мен құқық қорғаушылардың жұмыс істеуіне жағдай жасау» туралы БҰҰ-ға мүше елдердің кеңесін қабылдаған. БҰҰ сарапшылары мәлімдеме соңында осы жайтты еске салып, егер Қазақстан «ЛГБТ өкілдерінің құқықтарына қайшы» құжатты қабылдаса, бұл үкіметтің өзі мойындаған адам құқығы саласындағы халықаралық міндеттемелеріне қарсы келгені деп ескертеді.
БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі кеңесінің арнайы процедуралары – белгілі бір елдердегі адам құқығына қатысты мәселелер бойынша ақпарат немесе кеңес беруге өкілеті бар тәуелсіз сарапшылар.
Қазақстанның ата-аналар одағы бірлестігінің төрайымы Бағила Балтабаева «Біз ЛГБТ-ны Қазақстан аумағында насихаттауға қарсымыз!» деген ұсыныспен 50 мың адамның қолын жинаған. Қазақстан мәдениет министрлігі бұл мәселені қарау үшін арнайы жұмыс тобы құрылғанын мәлімдеген. 1 тамызда министрлік осы петицияны қарайды.
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024