30-01-19 |
8050 рет қаралған
«Әдейі көліктің астына түсу – қылмыс».
«Әдейі көліктің астына түсу – қылмыс»

«Өлетін бала молаға қарай жүгіреді» деген бар қазақта. Әлбетте, бұл мақалды тура мағынасында қабылдауға болмас.

Дегенмен, қазір көліктің астына жүгіретіндер жоқ емес. Бірақ, ондайдың бәрі «өлу» үшін жүгіре бермейді. Бұны кейбірі қасақана жасайды. Бұл да алаяқтықтың бір түрі. Жүріп келе жатқан темір тұлпарға өзі келіп соқтығады да, бір жеріне зақым келген болып көлік жүргізушісінен «соққаны» үшін ақша бопсалайды.

         Кейде мұны ұйымдасқан топ, яғни көлік алаяқтары алдын ала сценарий құра отырып, жасайды. Бірер жыл бұрын Ресейдің астанасында осындай алаяқтық белең алған-ды. «Құрбандықтың» соңынан екі-үш көлікпен жүріп отырып, бірі оңтайлы сәтте «құрбандықтың» көлігіне артқы жақтан ішіне су толтырылған баклашканы лақтырады. Рөлде алаңсыз отырған жүргізуші оқыс дыбыстан шошына тоқтап, сыртқа шығамын дегенше алаяқтар екінші көлігімен келіп алдын ала дайындалған «жаяу жүргіншіні» жолға жатқыза қояды. Сөйтіп, «құрбандықтан» жаяу жүргіншіні қақтың деп ақша талап ете бастайды. Мұндай алаяқтар үшін көлік рөлінде алаңсыз немесе ұялы телефонмен сөйлесіп отыратындар майлы жіліктің нақ өзі.

         Қазақстанда да ондайлар жоқ емес. 2012 жылы Теміртауда осындай бір көлік алаяғының жүргізушіні арандатпақ болған әрекеті нәтижесіз аяқталғаны есте. Өйткені, оның әдейі келіп капотқа секіргені автомашинаның ішіндегі бейнетіркегішке жазылып қалған. Тіпті, сол арада полицейлер де пайда болады да, көлік жүргізушісі бәрі бейнетіркегішке жазылағанын айтқан соң жөніне кетеді.

         Осыған ұқсас жағдай 27 қаңтар күні таңертең Алматыда тағы қайталанды. Таң алакеуім шақта белгісіз біреу көшеде жүріп келе жатқан көліктің «астына түседі». Көлік адамды қағып кетпей дер кезінде тежегішін басып тоқтаса да, әлгі көше үстіне жата қалады. Қоса кетерлігі, ол мұны көшенің жаяу жүргіншілерге арналған жолағында емес, соған бес-алты адым жерде көшенің ортасындағы сызықтың үстінде тұрып жасайды. Және, санаулы секунд өткенде жол-патруль экипажы жетіп үлгереді. Мұнда да бәрі көлік ішіндегі бейнетіркегішке жазылған. Сосын полиция «қаққанды да», «қағылғанды да» басқармаға алып кеткен. Қалалық Полиция департаментінің арнайы өкілі Салтанат Әзірбек таңғы 07.31-де Жедел басқару орталығына әйел адам хабарласып, Түрксіб ауданындағы Кассина көшесінде белгісіз ер адам жүгіріп, көлік астына түсіп жүргенін айтқан. Хабарлама бойынша «Боран-288» жол-патруль экипажы аттанады. Көлік астына түспек болған адам удай мас болған. Онысы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

         Ең «қызығы» да осы тұстан басталады. Неге десеңіз, көлік жүргізушісі Қылмыстық кодекс бойынша жауапкершілік арқалауы мүмкін. Оған себеп – уақиғаға қатысты «полиция жаяу жүргіншімен әдейі келісіп алған» деген мәліметті әлгі бейнежазбасымен қоса таратуы. «Жүргізуші үлкен кісі, өз ісіне жауапты болу керек. Қате пікірін қоғамға жариялай бастады. Оған қоса, ол кісі жағдайды егжей-тегжейлі түсінбеген. Әр адам өзінің жариялап жатқан дүниелеріне жауап беруі тиіс. Жалған ақпаратты таратқаны үшін адам қылмыстық заңнамамен жауап береді», – деп мәлімдеді полиция өкілі С.Әзірбек. Қазір осыған байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы (Көрінеу жалған ақпарат тарату) бойынша алдын ала тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.

         Бұл мәселеде бір тарапты құптаудан аулақпыз. Алайда, мұнда көлік астына түспек болған адамның мақсат-пиғылы анықталған жоқ: суицидтік қадам ба, әлде расында осы әрекеті арқылы ақша бопсалау ма?! Мас болған демесек, ол да «өз ісіне жауапты болуға тиісті үлкен кісі». Оны әкімшілік жауапкершілікке тартумен шектелулері бұл жағдайды қоғамға «айран ішкен құтылады, шелек жалаған тұтыладының» керіндей көрсетті.

         Екіншіден, Жедел басқару орталығына әйел адамның белгісіз ер адам көшеде жүгіріп, көлік астына түсіп жүргені жайындағы хабарламасы, бұл бір емес бірнеше рет жасалған әрекет екенін аңғартады. Егер расында солай болса, бұл онда әдейі арандатып, ақша бопсаламақ болған адамның тек аяқталмай қалған әрекеті шығар. Ал, заңда қылмысқа оқталу, пара алуға оқталу үшін де қылмыстық жауапкершілік бар емес пе. Онда бұл арандату мен бопсалауға оқталу еместігіне кім кепіл?!

         Үшіншіден, көлік жүргізушісінің «полиция жаяу жүргіншімен алдын ала келісіп алған» деп полицияның аталмыш оқиғадағы оперативтілігіне сенбеуі белгілі бір деңгейде қоғамдағы құқық қорғау органдарына деген сенімсіздікті көрсететіндей. Оның үстіне, бас-аяғы 2:00 минуттық бейнежазбаның 0:04 секундында уақиға орын алады да, полиция экипажы 0:24 секундында, яғни 20 секундта келіп үлгереді. Жол-көлік оқиғасы бойынша оқиға орнына 2-3 сағатсыз келмейтін жол-патруль экипажының көзді ашып-жұмғанша жылдам жетуі біздің қоғамда кім-кімді де иландыра қоюы екіталай. Тағы бір назар аударарлық тұсы, аталмыш бейнежазбада уақиға орнына жол-патруль экипажы қызметтік көліктің арнаулы дыбысты және жарықты сигналынсыз келеді де, орынға келіп тоқтағанда бір-ақ қосқаны байқалады. Бұл Ішкі істер министрлігінің арнайы нұсқаулығына қайшы емес пе деген сұрақ туады.

         Соңғысы, Конституцияның 20-бабында сөз бостандығына кепілдік берілгеніне қарамастан, осы жайт бойынша көлік жүргізушісінің өзі тап болған жағдай шеңберінде полицияға қатысты білдірген пікірі Қылмыстық кодекстің 274-бабымен дәрежелеуге келе ме? Болжамды ой айтуды жалған ақпарат тарату деп қабылдау қаншалықты дұрыс?

         Біздікі көлік жүргізушісін ақтау да, полицияны даттау да емес. Тек, аталмыш іс бойынша үш тараптың да іс-әрекеттері бүге-шігесіне дейін әділ, дұрыс бағаланса деген ұстаным.

         Шыңқуат БАЙЖАНОВ, адвокат:

         – Мұндайды алаяқтық дейді, өтірік көліктің астына түсіп, жарақат алады. Қолдан жасайды. Бұл – қылмыс. Бұрындары мұндай алаяқтар мүлдем көп еді. Қазір көліктерде бейнетіркегіш пайда болғаннан кейін, кішкене азайды. Бірақ, іс жүзінде әлі бар. Жақында Алматыда болған, осы сіз сұрап отырған жағдай соның бір дәлелі. Мен бір кездері мұндай істерге қатыстым да.

         Жол полициясымен келісіп алып жасайтындар да болады. Оны жоққа шығара алмаймыз. Жол полициясымен, учаскелік инспектормен осындай байланыста болатындар бар.

         Аталмыш жағдайға келсек, ондағы көлік жүргізушінің «полиция мен жаяу жүргінші келісіп алған» деуі, бұл – болжамды ой. Олай айтуға хақысы бар. Адам кез-келген пікірді білдіруге құқылы. Белгісіз ер адам көлік астына өзі келіп түскені рас, оған дәлел ретінде бейнежазба бар. Ол жалған емес. Сондықтан, оны әкімшілік жауапкершілікке емес, қылмыстық жауапкершілікке тарту керек еді. Өйткені, оның ісі – алаяқтық. Ал, көлік жүргізушісі әлгі сөзі үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Себебі, ол мына адам деп нақты біреуді көрсетіп тұрған жоқ. Жағдайға байланысты жай ғана болжамды ойын айтты. Расында, солай ма, жоқ па, оны тексерсін. Егер, маған келсе, оп-оңай ақтап ала аламын. Өйткені, ол адам көлігінің астына белгісіз біреу түспек болғанын, сол мезетте жол полициясы келгенін, сондықтан араларында байланыс бар ма, жоқ па, соны тексерулерін сұрай алады. Оған толық құқылы. Олай айтуы заң бұзушылық емес, егер нақты біреуді атап көрсетпесе. Жалпылама айтқанында тұрған ештеңе жоқ.

Айбар САҚ

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.