Соңғы бір-екі жылда елімізде ақтау үкімдерінің саны артты. Сау санамен сараласақ, бұл тек қуанышты емес, қасыретті де жағдай. Қуанарлығы түсінікті, ал, бүкіл өмірін құртып нақақ жалалы болғандардың денсаулығын, т.б. зардаптарын кім өтейді? Кезінде істі дұрыс тергеп-тексермей адам өміріне немқұрайды қараған полиция, тергеуші, прокурор, соттар, т.б. мамандардан қандай да бір сұрауы бола ма? Ол жағының әзірге назардан тыс қалып отырғаны ащы шындық.
Арыға бармай-ақ, кешегі қазан айындағы дерекке жүгінсек, ҚР Жоғарғы Сотында қаралған 12 істің 8-іне ақтау үкімі шыққан. Бұл әрбір істің төртіншісі заңсыз шығарылатына дәлел. Осындай істің бірі он жылғы өмірін әділдік іздеумен сарп еткен сарыағаштық Қарашаш Еркінбекова оқиғасы. Ауыл әкімі болып жүрген Қ.Еркинбекова 2009 жылы 40 мың теңге пара алу айыбымен ҚР Қылмыстық кодексінің 3-бөлігімен мүлкі тәркіленіп, бес жылға мемлекеттік лауазымды қызметпен айналысу құқығынан және бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі. Бірақ, сот үкімінің орындалуы ҚК-ің 72-бабының негізінде, яғни, сәбиінің болуына байланысты 2012 жылға қалдырылады.
Бұл істе де құзырлы орган орган қызметкерлерінің өз істеріне немқұрайдылығы айдан анық көрініп тұр. Іс материалдарына қарасақ, сезікті ретінде ұсталған Қ.Еркинбекованың дауысын Сарыағаш аудандық қаржы полициясында жедел топ жетекшісі жасырын жазып алған. Аудиожазбаның сот-бейнефонографиялық сараптамада жасырын және мәжбүрлі түрде жазып алынғаны дәлелденгенімен, тергеуші ол туралы қаулы шығарып, қылмыстық іске тіркемеген. Онысымен қоймай, тергеу амалдары қорғаушының қатысуынсыз жүргізіліп, хаттамаларға қатысуға өкілеттігі жоқ адамның қолы қойылған. Бір қызығы, бұл олқылықтарға сот та дер кезінде көңіл бөлмеген. Жедел топ өкілі мен тергеушінің Қ.Еркинбекованың сотталуына мүдделілік танытқанын осы әрекеттерінен-ақ аңғаруға болады. Бәрінен де сорақысы, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша ЭСЖҚД-ға пара талап етті деп жүгінген адамға арнайы дыбыс, бейне жазу құралдары берілгені және олардың қайтарып алынғаны туралы хаттамалар жасалған, бірақ, оларда шағымданушының қолы жоқ. Қаржы қызметкерлерінің жалған мәліметтеріне соттың заңды баға бермегені де бұл істің біржақты өрбігенін көрсетеді. Қаржы полицейлерінің Қ.Еркинбекова кабинетінің, оған қоса сейфінің кілттерін алып қойып, жалған жазба жасағандары дәлелін таба тұра «жабулы қазан жабулы күйінде қалдының» кебін киген.
Осы тұста ақталушының сөзін келтірсек: «Қаржы полициясының заңсыз әс-әрекетін әшкерелеу, ақиқаттың ашылуына ықпал еткен алғашқы азамат Президент әкімшілігі құқық қорғау бөлімінің сол кездегі меңгерушісі Алик Шпекбаев болды. Алайда, іс қанша рет ашылғанымен, белгісіз себептермен жабылып қала берді. Әңгіменің тоқ етері 2017 жылға дейін бес жыл әуре-сарсаңға түстім. Іс қысқарған сайын Бас прокуратураға барам, олар бұзады, бірақ, облыстағылар қайта жауып тастайды». Бұл біздегі жүйенің нақты көрінісі. Түбі ақиқат жеңетіні хақ, барлық факті дәлелденіп, 2017 жылы сәуірде екі статьямен бас тергеуші М.Абылаев сотталады.
Осылайша Қ.Еркинбековаға шындыққа жету мүмкіндігі 2017 жылы туды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің сол кездегі төрағасы Қайрат Қожамжаровтың заңсыздықтарға бейжай қарамауы нәтижесінде агенттік қызметкерлері жан-жақты тексеру жүргізеді. Қылмыстық істің заңсыз қозғалып, заңсыз тергеу амалдары жүргізілгеніне көздері жетіп, Бас прокуратураға 27.08.2009 жылғы Сарыағаш № 2 аудандық соты айыптау үкімінің, ҚР Жоғарғы Сотының осы үкімді күшінде қалдыру туралы қаулыларының күшін жою мәселелерін қарастыруға ұсыныс жібереді. Сол уақыттағы Бас прокурор Жақып Асанов та өздері тарапынан қылмыстық істегі заңсыздықтарды дәлелдейтін айғақтардың толық тексерілуіне ықпал етеді. ҚР Бас прокуроры наразылығы негізінде ҚР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі Сот алқасы жетілік құраммен күшіне енген Сот үкімі мен Қаулының күшін жою, істі Сарыағаш № 2 аудандық сотына қайта қарауға қаулы шығарады. Алайда, судья Мадияр Ботабеков істі үш жарым ай қарап, 366-баптың 1-тармағымен қайта айыптау үкімін шығарады. Аз мөлшердегі пара алған бабы. Аз алса да, көп алса да Қ.Еркінбекова бәрібір парақор.
Аудандық соттан айыптау үкімімен шыққан ол Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасына қайта шағым келтіреді. Он жыл бойы Алланың да, заңның да алдында ақтығын дәлелдеу принципімен өмір сүрген Қарашаш Еркинбекова биылғы 12 қазанда ақталды.
Т.СМАҒҰЛ