Ел ішіндегі тентекті тыю, тезге салып түзету, қоғамның тыныштығын күзету, тәртіпті бақылау және тағысын тағы, полицияның міндеттері осылайша жалғасып кете береді. Қым-қуыт, қат-қабат һәм қауіпке толы қызметтерді қал-қадірінше атқарып келе жатса да, бір «қызығы», құқық қорғау органдары қызметкерлері сыннан көз ашпайды. Бұл түймедейді түйедей етіп көрсетуге әуес әлеуметтік желіге жүгінгіш қоғамнан ба, жоқ әлде тәртіп сақшыларының сыр беріп қоя беретіндігінен бе, ол жағы түсініксіз. Кейде, бәлкім кейде емес, көбіне «бір құмалақ бір қарын майды шірітедінің» кері болып жататыны бар әйтеуір. Ең жаманы, осынау және басқа себептермен полиция халықтан алшақтап барады. Көпшілік қазір қызыл жағалыларға «қорғаным» деп қараудың орнына қорқа қарайды. Ішкі істер министрлігі мән беруі тиіс бұл мәселе Мемлекет басшысының да дәргейіне жетіпті.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы 5 қазанда жариялаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Азаматтар санасында полицейлер жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінік орнығуы керек» деп атап өтуі сөзімізді салмақтай түсетіндей. Елбасы Жолдауда құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістер қажеттігін қадап айтты. Қоғам полиция жұмысының түбегейлі жақсаруын күтіп отырғанын еске салды. Сөйтіп, Үкіметке «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын» әзірлеуді тапсырды. Ішкі істер министрлігінің штаттық санын оңтайландыру, полицияны басы артық қызметтерден арылту, полицейлердің жалақысын көбейту, тұрғын үй және өзге де әлеуметтік мәселелерін шешу, полиция қызметінің жаңа стандартын бекіту, салаға кадр даярлау мен іріктеу жүйесін өзгерту, қызметкерлерді қайта аттестациялаудан өткізу, полицияның жұмысын сервистік модельге көшіру – Жолдаудағы осынау тапсырмаларды орындау келер жылдың 1 қаңтарынан басталуы тиіс.
Президент аталмыш пәрменді берген кезде полицияның нанын ойлаудан гөрі, одан бұрын халықтың қамын жесе керек. Бар мақсат құқық қорғау органдарының құрылымын нығайту, қызметін жетілдіру мен жақсарту, ең бастысы – қоғамға жақын ете түсу. Оны «Қоғам тарапынан білдірілген сенім деңгейі және халықтың өзін қауіпсіз сезінуі полиция жұмысын бағалаудың негізгі өлшемдері болуға тиіс» деп өзі де айқын аңғартты.
Демек, бұл жолғы өзгеріс бұрынғыларынан өзгерек болуы тиіс. Өйткені, пәрмен солай. Тек, бізді алаңдататыны Мемлекет басшысы жүктеген осынау міндеттерді қажетті деңгейде атқаруға тиісті ведомстволардың дәрмені жете ме?! Мәселе сонда.
Олай дейтініміз, Жолдаудағы тапсырмаларды орындау құқық қорғау органдарының затын емес, атын, яғни атауын өзгертуден басталды. Жолдаудан соң іле-шала Үкіметтің 16 қазандағы тиісті қаулысымен Ішкі істер департаменттері бір-ақ күнде Полиция департаменттері болып шыға келді. Тонын теріс айналдыра салу, Елбасы айтқан «терең және сапалы өзгеріске» қаншалықты жататынын, не жатпайтынын білмедік. Атауын ауыстырмаса да атынан ауып қалмас еді.
Айтпақшы, атауын ғана емес, полицияның киім үлгісі, яғни қызметтік формасы да өзгермек. Ішкі істер министріне сенсек, 15 жылдан бері өзгеріссіз келе жатқан қазіргі форма кеңседе жұмыс істеуге ғана ыңғайлы-мыс, ал жаңасы далада да жұмыс істеуге қолайлы болуы керек көрінеді. Артынша ғаламтор беттерінде жарияланған жаңа форманың алғашқы үлгісі полициядан гөрі сотталушыны көбірек еске салатындай көрінді. Министрлік қызметтік форманы жаңарту да ішкі істер саласын жаңғыртумен байланысты екенін еске салғаны бар.
Еске сала кетсек, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап жол сақшылары алатаяғынан «айырылған» еді. Сол кезде де жол полициясы алатаяқсыз жол, көше бойынан, қараңғыда айқын көрінуі үшін қызметтік киімдеріне арнайы жарық белгілерін енгізіп, өзгертпек болған-ды.
Енді сол әңгіме қайта қозғалып жатыр. Жейдесі өзгергеннен жүйе қаншалықты жаңғыратынын…
– Полиция тентіреп қайыршы жағдайда жүрсе, одан саладағы коррупция жойылмайды. Төмен жалақы алып жүргеннен кейін қылмысқа, жемқорлыққа барып жатады сосын. Кешегі кеңестік билік тұсының біз қаншама кемшіліктерін айтқанымызбен, ол кездегі милицияның жағдайы қазіргі полициямыздан әлдеқайда жақсы болатын.
Жалпы, ішкі істер саласы мәселесі көп сала. Проблемалы жүйе. Полицияның қызметін, жағдайын жақсарту үшін әлі де көптеген дүниелер атқарылуы керек. Оның ішіндегі ең әуелгісі – құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіптік деңгейін көтеру. Мұны Елбасы да кешегі Жолдауында айтты. Содан соң, полиция қызметіне кездейсоқ адам келмеуі тиіс. Тек сынақтан өткендер ғана алынуы қажет. Әрине, формасын да, басқасын да қайта қарастыру артықтық етпес. Бірақ, ішкі істер қызметіне іріктеу талаптарын қатайту – ең бірінші кезекте тұрғаны абзал. Оларға қандай әлеуметтік жағдай жасалатыны да қамтылуы тиіс мәселе.Өйткені, полицияның қызметі, моральдық бет-бейнесі арқылы мемлекетке баға беріледі. Кеңес одағындағы «милиция – биліктің айнасы» деген сөз текке айтылмаған. Егер полициясы қылмыскер болатын болса, ол мемлекеттің қандай сықпыты қалады?! Сондықтан, полицияның санын көбейте бермей, сапасын арттыру керек. Бұл мен ғана емес, Елбасы да айтып отырған мәселе.
Сәкен ОРЫНБАСАРҰЛЫ
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024