arasha.kz

Гендерлік теңдік: Бүгінгі әйелдердің қоғамдағы рөлі қандай?

Ұстанымдары демократиялық құндылықтарға негізделген кез келген мемлекет алдымен гендерлік саясатқа баса назар аударады. Қазіргі заман ағымында мемлекеттікті нығайтып, елдің көсегесін көгерткің келсе, әр адамды жеке тұлға ретінде бағалап, потенциалын ашуға ұмтылу керек екенін қоғам да, мемлекет басқарушы орындар да жақсы түсініп отыр. Қара күштің бағасы кетіп, білімге баса назар аударылатын 21 ғасырда  саясатта, өнерде, ғылымда және басқа да көптеген салаларда біліктілігімен көзге түсіп, қоғамға орасан пайда әкеліп жатқан нәзік жандылар өте көп.

Десе де әлем халқының жартысын әйелдер құрап отырғанымен гендерлік теңдік барлық жерде орнай қойды деп айту қиын. Тіпті дамыған елдердің статистикасын қарасақ та түрлі саладағы әйелдердің үлесі аз, әйелдерге берілетін мүмкіндік те шектеулі екенін көреміз.

Әлем статистикасы

Global Invest Her ұйымының 2018 жылы Дублинде өткен технология саммитінде айтылған деректері бойынша  халықаралық венчур нарығында әйел-инвесторлардың үлесі бар жоғы 8% құраған. Ал әйелдер негізін қалаған стартаптар жалпы инвестиция мөлшерінің 2,2% алған. Ал Tech Crunch дерегі бойынша 2019 жылы 4399  инвестиция әйелдердің қолына өткен екен. Алайда әйелдер стартапына жұмсалған инвестиция соммасы 2018 – $49,9-дан 2019 – $37,7 азайған екен. PitchBook NVCA Venture Monitor мәліметіне сүйенсек 2019 жылы АҚШ-та инвестиция алған әйелдер стартапы 14,2% құрапты.

Ал әлемді аузына қаратып отырған білім мен технологияның қайнар көзі, милиардтаған ақшаны айналдырып, әлем экономикасына ықпал ететін АҚШ-ғы Кремний алқабында еңбек етіп жатқан нәзік жандылар қауымының санына көз салайық. Әйелдер қолына өткен капитал мөлшері бойынша Кремний алқабы әлемде көш бастаған екен. Бірақ соның өзінде 2020 жылы алқаптағы әйелдер негізін қалаған стартаптардың саны бар жоғы 6,4% құраған, ал салынған инвестицияның мөлшері 2%-ға ғана өскен. Бұл дегеніміз орта есеппен ерлер стартапына $3,3 млн ақша салынса,  әйелдер бастаған стартаптарға $1,6 млн қаржы құйылады деген сөз. Кремний алқабындағы инвестицияның $5,1 млрды нәзік жандылар жасап шығарған стартаптарға салынған. Онда 2006-2019 жылдар аралығында 887 әйелдер стартапы істке қосылған.

Заман ағымы саясат сахнасында да ықпалды әйелдердің пайда болуына әкеліп отыр. Бүгінде Германияның бұрынғы канцлері Ангела Меркель, Чилидің экс-президенті Мишель Бачелет, АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон сияқты әлем басшылары санасатын саясаткер әйелдер баршылық. Өткен жылы АҚШ-тың вице-президенті лауазымына Камала Харрис есімді әйел отырғаны белгілі. Әлемнің 200-ге жуық елінің 21-де әйел адам президент немесе премьер-министр болып отыр.  Парламентаралық одақтың дерегі бойынша 2020 жылы әлем елдерінің парламенттерінде отырған әйелдер саны 25% құрапты. 

Қазақстанда саяси қызметтегі әйелдер саны ерлерден 10 есе аз

Енді Қазақстанға келер болсақ, 2006 жылы Қазақстан әлемдегі гендерлік теңдік рейтінгінде 32 орынды иеленсе, 2020-2021 жылдары 80 орынға түсіп қалған.

Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне жүгініп айтатын болсақ, 2021 жылы елімізде гендерлік теңсіздік индексі 0,441 көрсетіпті, ал былтыр 0,426 көрсеткен.

Ақыры осы мақалада сандарды көбірек сөйлеткен екенбіз, Ұлттық статистика бюросыныңбасқа да мәліметтеріне көз салайық; 2021 жыл 1 қаңтарындағы көрсеткіш бойынша елімізде орта және шағын бизнес өкілдерінің жалпы саны 3,5 млн-ға жуық болса, олардың 1 млн-нан астамы әйелдер екен. Яғни  орта және шағын бизнестегі ханшайымдар бизнестегілердің жартысына да жетпейді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне қарасақ ғылым-білім саласында әйелдердің үлесі ерлермен қатар келеді екен. Жоғарғы Оқу Орындарында басшылық қызметте отырғандардың саны туралы да мәліметке көз жүгіртсек, соңғы жылдары олардың саны көбейе бастағаны байқалады. Мысалы 2017 жылы әйел басшылар 15% құраса, 2019 жылы нәзік жанды басшылар 24% жетіпті.

Енді ғылымдағы әйелдердің санына тоқтала кетейік. Нәзік жанды ғылым кандидаты 9 мыңнан сәл асса, ерлер 8,5мыңға жуық. Ғылым докторыболып отырған әйелдер 2 мыңға жуық, ерлердің саны 3 121 екен. PhD докторы санатындағы әйел 902, ал ер адам 785.

Ал енді саяси лауазымда отырған азаматтардың статистикасына келер болсақ, мұнда ерлердің саны 670 болса, әйелдер он есе аз, яғни бар жоғы 67 әйел саясатта лауазым иеленіп отыр. Орталық мемлекеттік органдардағы саяси қызметтегі әйелдер саны 53 болса, ерлердің саны 362 құрапты. Яғни елімізде әйелдердің саясаттағы қызметтерге келуі аз, әлемдік үрдістен қалып барады.

2020 жылы әйелдерге қатысты тіркелген тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары 63 447 -ке жеткен. Жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 400 ден астам әйел қайтыс болады дейді Құқық қорғау ұйымдары.

 ТМД елдері ішінде Қазақстан барлық жастағы әйелдер суициды бойынша бірінші орында тұрса, жалпы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының рейтингінде Қазақстан суицид көрсеткіші ең жоғары жиырма елдің қатарына кіреді.

Өкінішке қарай әйел теңдігіне қатысты деректер Қазақстанда да, дүниежүзі бойынша да көңіл көншітерлік болмай отыр. Әрине жұмыс деп жүріп отбасымды ақсатып аламын ба деп, мансап қууды көздемейтін, қызметінен бала шағасын жоғары орынға қоятын әйелдердің саны басымырақ. Жалпы статистикаға оның да әсері бар екені рас. Дегенмен де «Алып анадан туады», сондықтан әйелдің қауқарын бағалау, жолын кеспеу, мүмкіндік беру заман талабы екенін ұмытпайық.

Exit mobile version