Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы былтыр Қазақстанда адам құқықтарының ахуалы жақсармағанын хабарлады. Ұйым 17 қаңтарда жариялаған әлемдегі адам құқығының жай-күйі туралы жыл сайынғы есебінде Қазақстанда 2018 жылы сөз бостандығы мен азаматтардың жиын өткізу еркіндігі қатаң басып-жанышталғанын айтады.
Құқық қорғаушылар Орталық Азия елдерінің басшыларын экономиканы күшейту мақсатында аймақтық ынтымақтастықты күшейтіп, халықаралық қауымдастықтан инвестиция тарту үшін адам құқықтарын құрметтеуді алдыңғы орынға шығаруға шақырды.
Ұйымның Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон «Орталық Азиядағы 105 миллион халықтың жағдайын жақсарту үшін экономикалық өсім және аймақтық ынтымақтастықты дамытумен қатар адам құқықтары да құрметтелуі керек» дейді.
Ол сонымен қатар Орталық Азия елдерінің басшылары «билікті сынайтындарға еркіндік беріп, саяси себептермен түрмеге жабуды және азаптауды доғаруы тиіс» дейді.
Ұйым былтыр Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев көршілес елдермен ынтымақтастықты күшейтіп, елдегі адам құқықтарының ахуалын жақсартуда үлкен қадам жасағанын, ал Қырғызстанда Сооронбай Жээнбеков билікке келгелі «баспасөз бен сөз бостандығына орынсыз шүйлігу азайғанын» айтады.
Алайда, Орталық Азияның өзге елдері – Түркіменстан мен Тәжікстанда қуғын-сүргін саясаты жалғасып, кері кету тенденциясы күшейген.
Хью Уильямсон АҚШ, Еуропа одағы мен басқа да серіктестерді Орталық Азия елдерінің басшыларына «адам құқығы ахуалын жақсартпайтын кез-келген реформаның өміршең болмайтынын» ұқтыруға шақырды.
«Орталық Азия елдері азаматтарының үмітін шынайы ақтап, экономикалық өсім мен инвестицияға қол жеткізу үшін адам құқықтары мен биліктің халыққа есеп беру қағидасы бұлжымай орындалуы шарт» дейді Уильямсон.
Дереккөз:
Aцzattyq.org
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024