arasha.kz

Әйел теңдігі: Күйеуім неге менің құқығымды бұзады?

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болғандар кімнен көмек күтеді? Əшейінде көмек қолын созуға дайын тұратын əртүрлі орталықтардың əйелдерге араша түсуге қауқары жете ме? Бұл сұрақ əлімжеттік көрген əйелдердің барлығын мазалайды.
Ел Конституциясының 14-бабында заң мен сот алдында жұрттың бəрі тең екені, тұрғындарды тегіне, əлеуметтік, лауазымдық жəне мүліктік жағдайына, жынысына, нəсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешқандай кемсітуге
болмайтындығы көрсетілген. Алайда, басқаны айтпағанда ерінен, ата-енесінен қысым көріп, өзі қалаған жұмысымен айналыса алмай, үйге қамалып отырған келіншектер де бар. Арнайы мамандығы болса да қызметке тұруына ері қарсы болған мұндай əйелдер өзінің құқығы шектелді деп санамайды. Санағанның өзінде «Аш құлақтан тыныш құлақ» деп отбасының берекесі үшін өзінің қызығушылығын
құрбан етуге мəжбүр. Сондай жанның бірі Анар Жеңісбекова. Алматы облысының Жамбыл ауданында тұратын келіншектің екі баласы бар. Əл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін тəмамдаған ол басында мектепке мұғалім болып орналасқан.
Бірақ, жолдасы əр нəрсеге сөйлеп, қызғанып, екі айдың ішінде жұмыстан шығарып алған. «Басында жұмыс істеуі қарсы болмады. Кейіннен болмайтын нəрсені сылтау етіп, ұрыс шығаратын болды. Үйімізден береке кетті. Ақыры, өзім бағайын, үйде отыршы. Мен бұлай өмір сүре алмаймын деді. Амалым қанша, жолдасым өтінген
соң жұмыстан бас тарттым» дейді Анар Жеңісбекова. Əйелдің айтуынша, күйеуі ұрмаған, күш қолданбаған. Мұндай жағдайда «мені жұмыс істетпей жатыр» деп қалай арызданады. Алайда, бір қарағанда ешқандай құқықбұзушылық жоқ болып көрінгенмен, адамның өзі қалаған жұмысын істеуіне шектеу қою да дұрыс емес.
Өкініштісі, қазақ əйелдерінің көпшілігі бұған қалыпты жағдай деп қарайды. Əрі еріне қарсы шығуды, өзінің дұрыстығын дəлелдеуді жөн көрмейді.

Психикалық денсаулық орталығының психологі Мира Смағұлқызының айтуынша, əйелдер арасында өз құқығын қорғауға тырысатындар санаулы. «Біздің елімізде гендерлік теңдік теңгерімі сақтала бермейді. Ол үшін əйелдердің уайымдап, налып жатқанын да көрмейсің. Өйткені, біздің менталитетіміз сондай. Мысалы
жақында бізге орта жастан асқан апай келіп мұңын шақты. Қызының тұрмысқа шыққалы бері қамалып, үйде отырғанын айтқан əйел бізден көмек сұрады. Расында, қызы үш тілді еркін меңгерген. Шет тілдер университетін үздік аяқтаған. Халықаралық армацептика өнімдерін шығаратын компанияда қызмет еткен. Айлығы да жоғары. Компания жеке көлікпен қамтамасыз етіпті. Сөйткен қыз тұрмысқа шыққан соң жұмысынан шығып, ата-енесіне, күйеуіне қарап отыр екен.
«Мен сонда қызымды не үшін оқыттым? Егер күйеуінің жағдайы жақсы, тұрмысы түзу болса үндемес едім. Жалғыз айлыққа күні қараған олар балаларын қалай бағады?» деп ашынады ана. Мына сөзден кейін қызына хабарласып, əңгімелестім.
Бірақ, қыз бақытты. «Мен неге мамандығым бойынша жұмыс істемеймін, күйеуім неге менің құқығымды бұзады, мына тірлігім не?» деп уайымдап, өкініп отырған кейпі болсашы. Қанағатшыл, тəубешіл. Жұмыстан саналы түрде бас тартқан.
«Күйеуім үйге келгенде ыстық тамақ болмаса, кірі жуылып, үйі таза тұрмаса отбасы құрудың керегі не? Азаматым аман болсын» деп басын иіп отыр. Мұндай кезде гендерлік теңдік туралы сөз қозғаудың өзі артық» дейді маман.

Жалпы, кез келген бастаманы қолға аларда ұлттық менталитетті ескерген орынды. Гендерлік теңдікке қатысты саясатта да қазақы танымды ескерген жөн.
Өйткені, біз қанша жерден ер мен əйелді теңестіргенімізбен, оның біршама зардабы барын мойындауымыз керек. Қызмет пен отбасын қатар алып жүру əйелдерге оңай тимейді. Соның кесірінен еңбекте табысқа жеткен əйелдер өзінің адами бақытынан алыстап жатады. Қызмет деп жүріп баланың санын шектеген аналардың да өкініші
бар. Əрине, отбасы мен қызметтің қайсысын таңдайтыны әйелдердің еншісіндегі шаруа. Дегенмен, гендерлік теңдік деп отбасылық құндылықтарды да ұмыт қалдырмағанымыз жөн. Өйткені, əйел – ең алдымен отбасының берекесі. Бір үйді он
еркек толтыра алмағанмен, бір əйелдің толтыратынын ұмытпайық.

Гүлназ Əсенғазы

Exit mobile version