arasha.kz

Әйелдерге қамқорлық əлімжеттік мəселесін шешумен шектелмейді

Гендерлік теңдік – тəуелсіздікпен бірге келген, санаға мықтап орныққан ұғым. Өркениеттің көшіне ілескен мемлекеттердің бəрі Ата заңында ерлер мен əйелдердің теңдігіне кепілдік береді. Қазақстан да əлемдік үрдістен шет қалмаған. Содан да болар, Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабында азаматтарды «Тегіне, əлеуметтік, лауазымдық жəне мүліктік жағдайына, жынысына, нəсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» деп көрсетілген. Бас құжатта таңбаланған бұл қағида гендерлік теңдікті
қорғауға деген талпыныстың тəуелсіздіктің алғашқы кезінен бастау алғанын айғақтайды.
Бұдан бөлек, біздің еліміз Біріккен Ұлттар ұйымының Əйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы конвенциясына да қосылған. Үлкен маңызға ие бұл құжат 1998 жылдан бері қолданыста. Ерлер мен əйелдердің теңдей мүмкіндікке қол жеткізуін көздейтін іс-шаралар Қазақстанның өзінде де жеткілікті.
Осы ретте Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Əйелдер істері жəне отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия құруға жарлық беруі көптеген көшелі іске бастама болғанын айта кеткеніміз жөн. 1998 жылдан
бері қарқынды жұмыс жүргізіп келе жатқан Ұлттық комиссия Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып саналады. Маңызды міндеттер жүктелген комиссияға отбасыға, əйелдер мен балаларға қатысты кешенді мемлекеттік саясатты
қалыптастыру үшін басымдықтарды айқындау жəне ұсынымдар əзірлеу тапсырылған болатын. Ең бастысы, басымдықтар сараланғанда аймақтық ерекшеліктерді ескеру керектігі назарға алынған еді. Жарлық шыққаннан бастап жоспарлы түрде жұмысын
жүргізген Ұлттық комиссия гендерлік теңдікке, əйелдер мен балалар құқығына қатысты көптеген мəселелердің заңдық тұрғыдан шешімін табуына атсалысты. Соның нəтижесінде елімізде «Ерлер мен əйелдердің тең құқықтарының жəне тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері» туралы заң, «Тұрмыстық зорлық-
зомбылықтың алдын алу» туралы заң қабылданды. Қазақстан Республикасындағы гендерлік теңдіктің 2006-2016 жылдарға арналған арнайы стратегиясы бекітілді. Бұл құжаттардың барлығы қыз-келіншектерді кемсітудің алдын алып, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеудің кепілі болып отыр.
Бірақ, əйелдерге деген қамқорлық əлімжеттік мəселесін шешумен
шектелмейді. Қыз-келіншектердің теңдігі олардың өз қалауымен кəсіп меңгеріп, өз таңдауымен қызметке араласуынан да көрінеді. Мысалы, біз үлгі ететін Швеция, Дания, Голландия секілді елдерде биліктегі əйелдер саны жыл санап өсуде. Мұны оң құбылыс деп бағалаған Қазақстанның іскер əйелдері қауымдастығының президенті Раушан Біргебайқызының пайымынша «егер креслода отырған əйелдердің қатары көбейсе, қыз-келіншектердің қордаланған мəселелері шешімін табады». Расында, өзінің табиғатына жақын түйткілдерді түзеу əйелдерге аса қиындық келтірмейді.
Қыз-келіншектер балаға қандай ортаның жайлы, əйелге өз арманын іске асыру үшін не керектігін зерттеусіз-ақ біледі. Əрі нəзік жандылар кез келген мəселені бейбіт шешудің, мəмілемен бітірудің һас шебері.

Əлеуметтік жəне гендерлік ғылыми-зерттеу институтының директоры Зəмза Мұқашқызының «Көпшілік гендер деген нəрсені ер адамға қысым сияқты қабылдайды. Меніңше, олай емес, қазақ халқының өз гендері бар. Ол өз кезегінде отбасы құндылықтарын сақтауға үлкен көмек болмақ» деген сөзінде де шындық бар.
Бірақ, соңғы жылдары гендерлік теңдіктің мақсатын жұртшылық жіті түсініп келеді.
Түптеп келгенде стратегия барша əйелдердің, соның ішінде, өзінің анасы мен қарындасының, жары мен қыздарының құқығын қорғаудың, арманын орындаудың төте жолы екенін азаматтар да ұғына бастады.

Перизат Омарова

Exit mobile version