Бүгін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке және оның орынбасарлары А.Садықұловқа, Д.Ерғожинге, М.Осиповке қатысты қылмыстық іс бойынша үкімін жария етті.
Іс сотта «аса құпия» белгісімен қаралды.
Астана қалалық сотының ресми сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, К.Мәсімов пен А.Садықұловқа мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу, билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану, Д.Ерғожинге билікті күшпен басып алу, билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану, М.Осиповке билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану айыбы тағылған.
Сот шешімімен аталған үш бап бойынша да кінәлі деп танылған К.Мәсімов – 18, А.Садықұлов – 16 жылға, Д.Ерғожин тағылған айыптарға сәйкес – 15 жылға, М.Осипов болса билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану бабымен 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталушылардың барлығы өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым иелене алмайды. Сонымен қатар барлығы генерал шендерінен және мемлекеттік наградаларынан айырылады.
Мұнан бөлек, сотталушылардан мемлекеттік кірісіне 10 млрд теңгеден астам қаржы және 24 млн АҚШ доллары өндіріп алдынды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, ҰҚК-нің экс-басшысы Кәрім Мәсімовке қаңтар оқиғасы бойынша айып тағылған болатын. Бас прокурор Берік Асылов атап өткендей, тәртіпсіздіктер кезінде Мәсімовтің тапсырмасы бойынша ҰҚК департаменттерінің жеке құрамы жұмыс орындарын тастап кеткен.
Тергеу «аса құпия» белгісімен жүргізілді.