фото: Хабар 24
Жақында Ішкі Істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың халыққа есеп беруі кезінде карантинде тұрмыстық зорлық-зомбылық 25% өскенін мәлімдеді. Оның ішінде отбасындағы әлімжеттік көрсететін адамдарға қатысты 37 мың қорғаныш бұйрығы шығып, 4,8 мың құқық бұзушының қылығына ерекше талаптар қойылды. Алайда министрдің сөзінше өз шаңырағында зәбір көрген 10 адамның екеуі ғана полицияға хабарласады екен. Карантин уақыты ішінде мемлекеттегі дағдарыс оталықтарына жүгінген азаматтардың саны үш есе артқан.
Отбасында әлімжеттік жасап, шаңырағының берекесін қашыратындардың арасында құқық қорғаушылар да бар. 25 жастағы Динараның (кейіпкердің аты-жөні өзгертіліп алынды) күйеуі әскери қызметкер. Күйеуім мен енем күн көрсетпеді деген ол ажырасуға бекініп отыр.
– Күйеуім мен енем не істесем де жақтырмайды. Отырсам опақ – тұрсам сопақ болдым. Үйде бірдеңелер ұрланды деп маған жала жабады. Туған-туыстарына мені жамандайды, төркінім келсе жақтырмайды, мені оларға жібермейді. Сен енді осы үйдің адамысың, өлігің осы жерден шығуы керек деп айтады. Неше жыл үйде отырып, жақында ғана жұмысқа шыққан едім, күйеуім мен енем ашуланбсын деп таңертең ерте тұрып, барлығының шайын беріп, ыдыстарды жуып, екі түрлі тамақ дайындап жұмысқа кетіп жүрдім. Кешке келгенде үй тазалаймын. Бірақ сонда да жақпадым. Енем күйеуім екеуміздің арамызға от салды. «Бұл сені алдап жүр, жалақысын тығып төркініне апарып беріп жүрген шығар» дейді. Енем «әйелді – бастан, баланы – жастан» деген ұстанымда. Күйеуіме әйеліңді ұрып ұста, уысыңнан шығарма, кезінде әкең мені де ұрған, сен де әйеліңді ұр деп айтады. Содан күйеуім түнімен мені соққының астына алады, –дейді Динара ашуланып.
– Төркінім Ташкентте тұрады. Қазақстанда ешбір танысым да, туысым да жоқ. Карантин кезінде шекара жабық екенін біліп, тіпті шектен шығып кетті. Осы уақытта төркінім келіп алып кете алмайтынын барлық жерде карантин екенін білгендіктен әдейі үйден қуа бастады, бопсалады. Олар менің телефонымды тартып алып, үйден қуып шықты. Бәрі бір баратын жері жоқ, қайтып келеді деді. Ұялы телефонымды тартып алған. Содан танысымның ұялы телефонын сұрап алып, интернеттен баратын жер іздестірдім. Мен сияқты отбасында теперіш көрген қорғансыз әйелдерге немесе балаларға қамқор болатын, олардың құқығын қорғайтын бір жер болуы керек қой деп ойладым. Сөйтіп, дағдарыс орталығының сайтын таптым да, осында хабарластым, –деді жас келіншек.
Динараның Алматыдағы дағдарыс орталығында тұрып жатқанына бір айға жуықтап қалған. Осы уақыт ішінде күйеуі хабарласып, халын сұрамағанын айтады. Сұхбаттасымыздың сөзінше күйеуі мен енесі оның өзін ғана емес балаларын да шеттетеді екен.
– Көктем шықты балаларға киім алып бер десем, неге киім ал деп айта бересің деп ұрсып, балаларыма киім әпермейді. Балаларым ұзақ уақыт қыстық киіммен жүрді. Енем ешқашан балаларымды немерем деп айтқан емес. Үнемі сенің балаларың деп жатсынатын. Оларға ешқашан дәмді, тәтті тамақ та берген емес, не бар соны жеп жүреді. Ешкімге кедергі жасамас үшін тез-тез тамақтанады. Енем балаларымның үстел басында ұзақ отырғанын жақтырмайды. Күйеуім қызымды ұрмайды, бірақ ұлымды ұрады, –дейді сұхбаттасымыз Динара.
Мамандардың айтуы бойынша отбасындағы кикілжіңнен ең алдымен балалар зардап шегеді. Ата-анасының ұрыс-керісін көрген баланың психологиясына күрделі жарақат түседі.
– Бізде ата-аналар балаға қалай тәрбие беру керектігін үйрететін курстан өтпейді. Кез келген адам бала таба алады, бірақ әр адам әр түрлі тәрбие береді. Бізде 70% бала зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Содықтан да Қазақстанда балалар суицидінің саны да жоғары. Ата-аналардың көбі балаларға назар бөлмейді, назарлары басқа нәрседе болады. Менің бір түсінгенім көп ата-ана балаларымен ашық сөйлеспейді. Балаларының ойында не бар, не айтқысы келетінін сұрауға қорқады. Ол адам болғаннан кейін оның да өз ойы, айтқысы келетін сөзі болады. Ал егер оның сөзін елемесе не үшін ол баланы тапты? Бізде балаларды психологқа апару дәстүрі қалыптаспаған. Әріптестерімнен де көремін балаларын психологқа әкелетін адамдар аз. Бірақ баласына жеткілікті көңіл бөлетіндер де жоқ емес. Балаға дұрыс тәрбие беру үшін ата-ана алдымен өзін түзеуі керек. Егер ата-анасының өзіндік бағалауы төмен болса, баланың да өзіндік бағалауы төмен болады. Өзгеріс қалайтын ата-ана бірінші өзін өзгертуі керек, -дейді психолог Мәдина Бақытжанқызы.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша біз адвокат Джохар Утебековпен де сұхбаттасқан едік, біз одан карантин кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша сізге көмек сұрап келгендер болды ма деп сұрадық.
– Мұндай мәселелемен адамдар адвокаттың көмегіне өте сирек жүгінеді. Себебі адвокаттың қызметі көп адамға қымбатқа түседі. Тұрмыстық зролық-зомбылық негізінен тұрмысы төмен отбасыларда болып жатады. Сосын көбі мұндай мәселемен адвокаттың қызметіне жүгінуді қажет деп санамайды.
– Отбасындағы әлімжеттікті азайту үшін не істеу керек?
– Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі сегменті әкімшілік құқық бұзушылық, яғни «қасақана ұрып-соғу» және «денеге жеңіл жарақат салу». Бұл екі әкімшілік бап бойынша іс қозғау үшін құрбан болған адамның шағым-арызы керек. Көп жағдайда шу болып жатыр деп көршілері полиция шақырады, бірақ патрульдік полиция келгенде қандай да бір әрекет жасауға қауқарсыз болып шығады. Себебебі, жәбірленуші арызданудан бас тартады. Мұндай жағдай көп болады. Сондықтан менің ойымша, отбасында жанжал болған жағдайда арыз-шағымға қарамай құқықбұзушыны жазалау керек. Екіншіден екі жақты татуласуды алып тастаған жөн. Бізде қазір екі жақты татуласу болған жағдайда іс тоқтатылады. Менің ойымша құқықбұзушы бәрібір қандай да бір жаза тартуы керек. Содан кейінгі үшінші мәселе, құқықбұзушыны үйден көшіріп жіберу. Көптеген дамушы және дамыған елдерде отбасында зорлық-зомбылық жасаған адамды қысқа уақыт ішінде үйден көшіріп жіберу талабы бар. Төртіншіден, бізде жәбірленуші өзі үйден кеткісі келген жағдайда барар жері жоқ болып шығады. Отбасылық зорлық-зомбылық көрген адамдарға мемлекеттен жеткілікті қаржы бөлініп, көмек көрсетілмейді. Бесіншіден, тұрмыстық золдық-зомбылық құрбандарын қолдауға бағытталған ешқандай жүйе жоқ. Мемлекет мұндай адамдарға тегін адвокаттық көмек, психолог көмегін көрсетуі керек. Бұл жерде тек қана жәбір көрген адамның ғана емесе, сондай-ақ зорлықшы, агрессордың да мінезін түзетуге жұмыс жасау қажет. Оған ашуын құрықтауды үйрететін психологтың курсын өтуі керек деп есептеймін. Мен қазір алты себебін атадым, бірақ бұдан да көп істер атқару керек.
– Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты Қазақстан заңдарында қандай артықшылықтар мен кемшіліктер бар?
– Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңның өзін өзгерту керек. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты әкімшілік жауапкершілікті өзгерту керек. Қорғаныш жарғыларының кей жерлерін түзетіп, кей жерлерін өзгертіп, қатаңдату қажет. Мұның бәрі әзірге әлсіз жұмыс істеп тұр. Полиция, прокурорлар мен судъялар, адвокаттар және психологтар, дәргігерлер сияқты мамандарды қайта үйрету керек. Мұның бәрін басқа елдердің тәжірибесіне сүйеніп жасауға болады. Дамыған елдердің ғана емес, әлеуметтік-экономикалық жағдайы бізбен деңгейлес осы мәселені шеше алған елдердің тәжірибесін қарауға болады. Мысалы, Грузия мен Украинаны алсақ, ал Шығыс Еуропада Чехия тәжірибесі танымал, –дейді Д. Утебеков.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі бойынша полицияға «112» номері бойынша хабарласуға болады. Ал Республикалық тұрмыстық зорлық‐зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығына хабарласу үшін:
Тел: 150 немесе WhatsApp +7 708 10 608 10 (тегін, анонимді, тәулік бойы) сайт:www.telefon150.kz e-mail: kzsoyuz@gmail.com
Арнайы «Араша» ақпараттық порталы үшін Балжан Жеңісқызы