Еліміздің Статистика комитетінің дерегіне сенсек, Қазақстанда еңбек етуге жарамды халық саны 9 миллион 200 мыңнан асады екен. Ресми тілмен айтқанда экономикалық белсенді тұрғындар 2019 жылы 1,4 пайызға өсіпті. Олардың көпшілігі кәсіподақ ұйымдарына мүше болып, өз құқығын қорғауды жеңілдетуге ынта танытып отыр. Қазіргі таңда кәсіподақ ұйымдарының белсенділігі де артқан. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен келісімге отырып, бірлесіп жұмыс жүргізіп жатқан Кәсіподақ федерациясының еңбек дауларын азайтып, қарапайым жұмысшылар құқығын қорғауға қолға алып, жүзеге асырып жатқан бастамалары аз емес. Солардың қатарында «Еңбек келісімшартын жаса!» деп аталатын республикалық акция да бар. Бұл акция ңбек келісімшартына отырмай жұмысқа кірісіп, кейіннен өзіне берілетін жеңілдіктер мен мүмкіндіктерден ажырап қалатын қарапайым азаматтардың мүддесін қорғау үшін керек. Сонымен қатар, келісімшарттың болмауы жұмыс барысында орын алатын өндірістік жарақаттар кезінде моральдық, материалдық қолдаудан шеттелуге де алып келеді. Тіпті, келісім шарттың жасалмағанын пайдаланып жалақы төлеуден жалтаратын жұмыс берушілерді де жоғарыдағы акция аясында ақылға салуға жол ашылды.
Десек те, біз бүгін сөз етпек болған басты тақырып, жоғарыдағы тоғыз миллион халықтың еңбек қауіпсіздігі, оны қорғаудағы кәсіподақ ұйымдарының ықпалы туралы болмақ. Өйткені жыл сайын елімізде орта есеппен екі мыңға жуық адам жұмыс жағдайында түрлі жазатайым оқиғаларға ұшырайды. Мысалы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша 2019 жылы республика бойынша 1257 оқыс оқиға болып, салдарынан 1430 адам зардап шеккен. Бұдан бөлек, еңбек қауіпсіздігінің сақталмауынан 180 адам өндіріс ошағында көз жұмған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі соңғы бес жылда жұмыс уақытында жарақат алу оқиғалары 22 пайызға төмендеді деп сендіргенімен, еңбек дауларына араласып жүрген адокаттар мен кәсіподақ ұйымдары бұл санның министрлік айтқаннан жоғары екенін алға тартуда.
Өндіріс ошақтарында зардап шегетін кімдер? Қай мамандық қауіпті дегенге келек, оның көшін тау-кен саласы мен металургия кешені кәсіпорындары құрайды. Сонымен қатар оқыс оқиғалар мен қайғылы жағдайлар құрылыс саласында жиі болады екен. Ал өңірлік жағдайды сарапқа салар болсақ, өндірістік жарақат алу деректері әсіресе Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстарында жиі кездесетіні белгілі болып отыр. Бейбіт күнде мұндай оқыс жағдайлардың тыйылмауы кімді болсын алаңдатпай қоймайды. Осы мәселені індете зерттеген мамандар өндірістік зардаптарды жою үшін еліміздің еңбек заңнамасына өзгерістер енгізу қажет деген пікірде. Жалпы еңбек қауіпсіздігінің сақталмауы елдің беделіне де нұқсан келтірмей қоймайды. Мәселен 2019 жылдың маусымында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Женевада Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығымен «Vision Zero» нөлдік жарақаттану тұжырымдамасын ілгерілету туралы меморандумға қол қойыпты. «Vision Zero» яғни, «нөл көрінісі» халықаралық тұжырымдамасын ілгерілетуге атсалысушы елдердің ең басты міндеті өндірістік жарақаттар мен қайғылы жағдайларды болдырмау. Ол үшін денсаулық қорғау, қауіпсіздік және қолайлы жағдай қағидасын бұзбау керек.
Қазақтандағы еңбек қауіпсіздігі көрсеткішін жақсартуға мүдделі еткен тағы бір құжат ол Дүниежүзілік Банктің «Doing Business» индикаторларының бірінің «Жұмыскерлер құқықтарын қорғау» индикаторы. Яғни, «Doing Business» индикаторындағы дәл осы нәтижеміз жақсарса, еліміздің дамыған отыз елдің қатарына қосылу мүмкіндігі де арта түседі. Алайда, еңбек қауіпсіздігі тек жұмыс берушілердің немесе биліктің мәселесі десек қателік болады. Бұл қолына күрек ұстаған қарапайым жұмысшыдан бастап, қалам ұстаған қызметкерлерге дейін сақтауы тиіс міндет. Өйткені өндірістік жарақат алу деректерінің түбін қазсақ, жұмыс уақытында қарапайым техникалық қауіпсіздікті сақтамау салдарынан өз өміріне қауіп төндіретіндер, физикалық мүмкіндігін асыра пайдаланатындар да аз емес. Сондықтан, еңбек қауіпсіздігін сақтауды әркім өзінен бастағаны абзал.
Жалпы, еңбек қауіпсіздігінің сақталмауы салдарынан орын алған құқықбұзушылықтардың басым бөлігі еңбек жағдайларын қамтамасыз етпеу, қызметкерлерді оқытып, нұсқаулықтармен таныстырмау, арнайы жұмыс киімдерімен қамтамасыз етпеу секілді қарапайым себептер. Мұны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің өзі де растайды. Ол: «Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету маңызды мәселе болып табылады. Қазақстанда 2019-2023 жылдарға арналған Өндірістік жарақаттану мен еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі жол картасы іске асырылуда. 2,6 мыңнан астам кәсіпорын халықаралық стандарттарды енгізді, 2 мыңнан астам өндірістік объект аттестатталды. Ішкі бақылауды 15 мыңнан астам өндірістік кеңес жүзеге асырады. Нәтижесінде жазатайым оқиғалар саны 8,8 пайызға төмендеді» – деп отыр.
Камила Мұхтарқызы
-
27.12.2024
-
27.12.2024
-
27.12.2024
-
27.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024