Кәсіподақ – қарапайым жұмысшының құқығын қорғаушы. Биыл еліміздегі кәсіптік одақтардың жұмыс бастағанына 115 жыл болғалы отыр. Бір ғасырдан аса тарихы бар бұл ұйым туралы білмейтіндер кемде-кем. Арада қанша уақыт өтсе де кәсіподақтың мақсаты мен мүддесі өзгерген жоқ. Олар сол бұрынғыдай кәсіподаққа мүше болған адамдардың әлеуметтік-экономикалық түйткілін шешіп, еңбек құқықтары мен мүдделеріне өкілдік етуді, қорғауды басты бағдары санайды.
1992 жылдан бері бұл құрылым Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы деген ресми атауды иеленді. Салалық, аумақтық кәсіптік одақтарды бір орталыққа біріктіріп, бір мақсатқа ұйыстырып отырған федерация жұмысын коммерциялық емес сипатта жүргізеді. Сонымен қатар, 5 жыл сайын өткізілетін съезде федерацияның атқарған жұмысына баға беріліп, алдағы жоба, жоспарлары айқындалады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіподақтар жұмысын жандандыруы үнемі назарында ұстап келеді. Парламент жұмысын ашу кезінде «қазақстандық кәсіподақ қозғалысын жаңғыртуды анағұрлым батыл жүргізу» туралы тапсырма беруі сөзіміздің нақты дәлелі. Осыған орай елімізде «Кәсіптік одақтар туралы» жаңа заң қабылданып, қолданысқа енгізілген болатын. Бұл заң елімізде ресми тіркеліп, тұрақты жұмыс жасап жатқан 180 облыстық, 445 қалалық және аудандық бөлімшенің, сондай-ақ республикадағы 18 мың 500-дей бастауыш кәсіподақ ұйымының құқығын қорғап, жұмысын үйлестіруге көмектеседі.
Жақында facebook әлеуметтік желісіндегі Қазақстан ұстаздарын біріктіретін топта кәсіподақтың жұмысына қатысты үлкен талқы орын алды. Республиканың түкпір-түкпірінен пікірін жолдаған мұғалімдер кәсіподаққа айтатын алғысын да, ренішін де жасырып қалмады. Онда ұстаздардың бір тобы «Кәсіподақ өкілдері үнемі құқықтық кеңестер беріп, кез келген хабарламамызды жауапсыз қалдырмайды», «Демалыс, санаторийлермен келісіп, тиімді бағада ем алуымызға көмектесіп отыр» дей келіп, өз ризашылықтарын жеткізсе, екінші бір тобы «Кәсіподақтар жарна жинап, мерейтой иелерін құттықтаудан басқа көзге көрінетін жұмыс атқарып отырған жоқ» деп реніштерін де білдірген. Бұл жерде кәсіподақтар федерациясы қаперге алатын бірнеше мәселе бар.
Біріншіден, Кәсіподақ федерациясының өңірлердегі филиалдарының барлығы бірдей жұмыс жүргізіп отырған жоқ. Содан келіп кәсіподақтарға қатысты жағымсыз пікір қалыптасады. Осыған орай өңірлердегі кәсіподақтар бір-бірімен тәжірибе алмасып, қандай жұмыстардың оң нәтиже беретінін, қандай шаралар көпшілік көңілінен шығатынын бірлесіп шешіп, бірігіп қызмет етулері керек.
Екіншіден, кәсіподақтардың халықпен кездесуі, екі жақты байланысын әлі де болса жандандыра түскен абзал. Азаматтар Кәсіподақтың немен айналысып жатқанын, өзі төлеген жарнаның қайда жұмсалатынын анық білуі керек. Бұл жерде қаржылық жұмыстар ашық болмай сенім нығаймайтынын түсінуіміз керек.
Үшіншіден, Кәсіподақ федерациясының өз жұмысын насихаттау жағы кемшін. Қазіргідей ақпараттық заманда құрылым тарапынан атқарылған жұмыстар міндетті түрде жазылып, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып отыруы шарт. Жаңа технологияның көмегімен кәсіподаққа мүше азаматтарға жасалған жұмыстар бойынша ақпарат беріп, өткізілген шараларды көрсету кезек күттірмейді.
Төртіншіден, қарапайым жұмысшылар тұрмақ, жоғары білімді мамандардың өзі құқықтық тұрғыдан сауатты емес. Әлі күнге дейін ауызша келісімге сеніп жұмыс істейтіндер баршылық. Кәсіподақтың беделін көтеру үшін мықты заңгерлерден топ құрып, құқықтық кеңес беруді тұрақты жолға қойған абзал.
Кәсіподақтар Федерациясы мен оның мүшелік ұйымдары қызметінің ең басты қызметі еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселерлерін болдырмаудан, кикілжіңнің алдын алудан, келіспеушілікті ушықтырмай шешуінен көрінеді. Жұмыс берушілер мен мемлекеттік органдар алдында жұмыскерлердің құқығын мінсіз қорғау үшін кәсіподақ федерациясы өкілдерінің беделді, сөзі өтімді, заңдық тұрғыдан сауатты болғаны дұрыс. Жұмысшылар өзі үшін кімдердің ара түсетінін, қорған болатынын біліп қана қоймай, мәселесінің қиындықсыз шешілетініне сенуі керек. Аймақтардағы жұмыстың ұтымды ұйымдастырылуы да көбіне көп федерацияның жергілікті өкілдеріне байланысты. Әсіресе өңірлерде өз араларында беделді, қызметте абыройлы жандардың сөзі өтімді болатынын ұмытпауымыз керек.
Ал енді еңбек құқығы, жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы келіспеушілікті реттеуде Кәсіподақтың ролі қандай? Әрине қызметкерлерінің саны аз жұмыс орындарындағы кемшілік, реніш жалпы халықтық талқылаудан тыс өтеді. Шектен шыққан заңсыздық болмаса мұндай істерге кәсіподақтың араласуы сирек. Ірі өндіріс ошақтарыдағы, кәсіпорындардағы жағдай мүлде басқа. Жұмысшы саны неғұрлым көп болған сайын, туындайтын мәселенің ауқымы да кең, түйткілдер де көп болатыны түсінікті. Кез келген дүрдараздықты ушықтырмай шешудің мүмкіндігі бар. Келіспеушілікті алғаш туындаған кезде реттеген тиімді. Бұл жұмыс берушіге де, жұмысшыларға да пайдалы. Өкінішке орай, жұмыс берушілер мәселенің мәніне, жұмысшылардың әлеуетіне көп жағдайда мән бере бермейді. Жұмысшылардың сөзін елемеу, ашық диалогқа шықпау, көпшілік арасынан шыққан өкілердің талабын қараусыз қалдыру сөз жоқ ашу, ыза тудырады. «Халыққа қарсы тұру, ағысқа қарсы жүзу», «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген мақалдар өмірлік тәжірибеге сүйене отырып, көпшіліктің пәрменді күш екенін білгендіктен айтылса керек. Сондықтан жұмыс берушілер қарауындағы қызметкерлерге тең дәрежеде қарап, тілек, талаптарын тыңдап, мәселені бір үстел басында бейбіт шешуге атсалысуы керек. Келіспеушілікке кәсіподақтың араласуы даудың ұлғайып, шекарадан шығып бара жатқанын аңғартады. Осы тұста да өзінің ғана емес, өзі басқарып отырған мекеменің беделін ойлаған басшылар қажет жерінде шегініс жасап, жұмысшылар қалауына сай қадам жасағаны абзал. Ал кәсіподақтың сөзіне де құлақ аспай, жұмысшылар құқығын белден басқысы келгендердің мәселесі бұдан кейін құзырлы орындардың күшімен, прокуратура, сот арқылы реттелетінін ұмытпауымыз керек.
Жұмыс берушілер еңбек қауіпсіздігін сақтап, жұмысшылардың атқарған қызметіне сай жалақы алуын қамтамасыз етсе, кәсіподақтар еңбек алаңындағы азаматтардың денсаулығын сақтау, демалуына, қоғамдағы өзгерістерге белсенді атсалысуына көмектеседі.