Сот – әділдік іздеген, құқығын қорғауға қадам жасаған азаматтардың қорғаны. Осы уақытқа дейін сотқа жүгінген азаматтардың құқығы мен бостандығын сапалы қорғау мақсатында көптеген заңдар мен құқықтық құжаттар дайындалып, бірталай жобалар мен бастамалар жүзеге асырылды. Астана қаласында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша үш тәуелсіз кассациялық соттың құрылуы төрелік алаңына тың өзгеріс әкеледі деп күтілуде.
Сот саласына жасалған реформалардың нәижесінде кезінде бес сатылық жүйе оңтайландырылып, үш сатыға кеміген еді. Мұндай өзгеріс азаматтарды сот әуресінен құтқару мақсатында, істерді мейлінше жедел, қысқа мерзімде, сапалы қарау үшін қолға алынған болатын. Алайда бірінші сатының шешіміне көңілі толмаған тараптар апелляциялық алқаның шешіміне де тоқтай қоймайды. Тараптар кассациялық алқаның шешіміне үміттеніп, Жоғарғы Сотқа шағымданады.
Ал кассациялық сатының республиканың түкпір-түкпірінен келген істерді тұтастай қайта қарауға мүмкіндігі болмады. Ортақ талап бойынша кассациялық сот алқасы Азаматтық процестік кодекске сүйене отырып істерді «таңдап қарайтын кассация» әдісімен жұмыс істеді. Яғни, бірінші сатыда оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен қаралған, татуласу рәсімдерімен аяқталған, соның ішінде талап қою сомасы 2000 АЕК-ден кем болған кезде жеке тұлғалардың ісі кассацияның назарына ұсынылмайтын. Сондай-ақ, талап қою сомасының көлемі 30 000 АЕК-ден кем болған кезде заңды тұлғалардың мүліктік мүдделеріне байланысты байланысты істер де кассациялық алқаның қарауына жіберілмейтін. Бұдан бөлек, қылмыстық сот ісін жүргізуде қылмыстық теріс қылықтар туралы істердің де кассациялық сатыда қаралуына шектеу қойылып келгені белгілі. Соның нәтижесінде қылмыстық және азаматтық істердің тек 5 пайызы ғана кассациялық алқаның қарауына түсетін.
Мұндай жағдайдың қалыптасуы азаматтардың орынды өкпе-ренішін тудырды. Кассациялық алқаның жұмысына көңілі толмаған азаматтар түрлі жиындарда, сот жұмысына қатысты дөңгелек үстелдерде бұл мәселеге байланысты наразылықтарын жеткізіп келген еді. Халықтың пікіріне, ренішіне Мемлекет басшысы да назар аударып, отандық кәсіпкерлермен өткен жиында «Кассациялық алқада қаралатын істер аз, ол азаматтардың қажеттіліктеріне сәйкес келмейді. Сондықтан дербес кассациялық инстанция құру мәселесі бойынша заң және кәсіпкерлік қоғамдастықпен консультациялар өткізу қажеттілігі пісіп-жетілді» деп құзырлы орындарға нақты тапсырма жүктеген еді. Істерді «Жаппай қарайтын кассация» біздің еліміздің сот жұмысына таңсық болғанымен, Еуропалық сот практикасында бұрыннан қалыптасқан және басқа елдердің құқықтық жүйелерінде әбден танылған, сонымен қатар дамыған құқықтық сенімділік принципіне негізделген жүйе екенін айта кетуіміз керек. Жаңа реформаның негізгі мақсаты – әрбір сот сатысының тиімділігін арттыруды көздейді. Себебі сот төрелігін жүзеге асырудың сапасы мен азаматтардың соттарға деген сенім деңгейінің өсуі осы тетіктердің қарастырылуына тікелей байланысты. Әсіресе, кассациялық сот туралы талқы кезінде судьялар сот ісін жүргізудің барлық түрлері бойынша сот актілерін қолдану мен қайта қараудың бірыңғай қағидаларын енгізудің тиімді болатынын алға тартқан еді.
Осылайша Жоғарғы Сот тарапынан кассациялық алқаның жұмысын жандандыруға, халықтың талап-тілегін орындау мақсатында ауқымды жұмыстар қолға алынды. Кассациялық шағымдарды сапалы, жедел қарау бойынша әлемдік тәжірибелер зерделенді. Сот қауымдастығы Парламент депутаттарының, білікті судьялардың, заңгерлердің, ғалымдардың, кәсіпкерлердің, үкіметтік емес ұйым өкілдерінің, азаматтық қоғам белсенділерінің қатысуымен көптеген шаралар өткізуге мұрындық болып, істерді кассацияда қараудың тиімді тетігін таңдауға байланысты пікірлер мен ұсыныстарды ортақ талқыға салды. Көп болып талқыланған мәселеге қатысты көпшіліктің айтқан ұсыныс-тілектері заң жобасын жасаушылар тарапынан ескерілді. Мұндағы ұсыныс-пікір негізінен «кассацияға істер алдын ала қараусыз, үш судьядан тұратын алқаға тікелей түсетін болады; кассациялық сотта істерді қарау мерзімі 6 айдан аспайды; сот процесі тараптарды шақыра отырып, ауызша жүргізіледі» деген өлшемге сәйкес жіктелді.
Осылайша жаңа кассациялық соттарды тәжірибеге енгізудің заңдық тәртібі реттеліп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңына сәйкес, «Сот жүйесі және судьялар мәртебесі» туралы заң жаңғыртылды. Аталмыш құжатта сот төрелігінің сапасын жақсарту, судьялардың кәсіби біліктілігін көтеру, олардың жауапкершілігі мен тәуелсіздігін арттыруға бағытталған тетіктер де тиянақты қарастырылған.
Жаңа өзгерістерге орай 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап Астанада үш кассациялық сот жұмысын бастайтын болды. Соған орай келер жылы кассациялық істерді Жоғарғы Соттың қарауы тоқтатылады. Келер жылдан бастап кассациялық сатыдағы істер 3 судьядан тұратын алқаның қарауына берілмек. Ал мұндай істерді қараудың шекті мерзімі бекітілді.
Кассациялық соттарға мемлекеттен арнайы қаржы бөлінбейтіні де оң ұсыныстың бірі. Жаңа сотқа іріктелетін судьялар тәжірибеде өзін дәлелдеген, кәсіби шеберлігіне қатысты ешбір талас, күдік тудырмайтын мамандар болуы басты назарда ұсталды. Шындығында мұндай маңызды жұмыс тапсырылған соттың судьялары да жіті іріктеуден өтетінін ескерген жөн. Айталық кассациялық сот судьяларының заңгерлік өтілі кемінде 18 жыл, ал судьялық өтілі кемінде 8 жыл болуы шарт. Төрағалар үшін кемінде судьялық өтілдің кемінде10 жыл болуы, оның ішінде облыстық соттың судьясы лауазымындағы жұмыс өтілі 5 жылдан кем болмауы басты шарт болып табылады.
Кассациялық соттардың отандық сот жұмысына әсері расан. Мұндай ілкімді жобаның қолға алынуы сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жаңа соттың кадрлық әлеуеті ескерусіз қалмайды. Осы ретте Жоғарғы Соттың штат саны 35 судьяға дейін қысқаратынын да қаперден шығармағанымыз абзал.
Жоғарғы Соттың сот актілерін қайта қарау жөніндегі қызметі олардың заңдылығын, негізділігі мен әділдігін қамтамасыз етуге бағытталған және бұл сот практикасын қалыптастыру үшін айқындаушы мәнге ие.
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024