25-04-19 |
2620 рет қаралған
Конституциялық кеңес Тоқаевтың 15 жыл бойы елде тұру нормасын түсіндіру өтінішіне жауап берді.
Конституциялық кеңес Тоқаевтың 15 жыл бойы елде тұру нормасын түсіндіру өтінішіне жауап берді

Конституциялық кеңес Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өтінішіне байланысты шешімін жариялады.

Бұған дейін Тоқаев президенттікке үміткерлерге қойылатын талап – соңғы 15 жыл бойы елде тұру туралы норманы түсіндіруді сұраған еді.

Конституциялық кеңестің шешімі бойынша, 15 жыл бойы елде тұру мерзіміне бірінші кезекте азаматтың ел аумағында тұрғылықты тұру уақыты жатады, бұл азаматтың мекенжайы бойынша тіркелуі арқылы анықталады.

«Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметкерлері және Қазақстан Республикасы құрамына кіретін халықаралық ұйымдарда лауазымға тағайындалған азаматтардың шетелде тұруы да осы мерзімге жатады», – делінген Конституциялық кеңестің түсініктемесінде.

Конституциялық кеңестің төрағасы Қайрат Мәми түсіндіргендей, осы айтылған себептер бойынша елден тысқары аумақта тұру Қазақстан азаматтығын тоқтатты немесе тұрғылықты мекенжайын өзгертті деген сөз емес.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 сәуірде ел халқына үндеу жариялап, елде кезектен тыс Президент сайлауы өтетінін жариялаған болатын. Мемлекет басшысы сайлауды 2019 жылдың 9 маусымына белгіледі.

Президенттікке үміткерлерді ұсыну 28 сәуір сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Үміткерлерді елімізде тіркелген саяси партиялар мен республикалық қоғамдық бірлестіктер ұсына алады. Әр кандидат 118 140 сенімді сайлаушының қолын жинауы тиіс. Кандидаттарды тіркеу 11 мамырға дейін жалғасады.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.