Асқар Махмұтов бас дәрігер қызметін бар болғаны төрт ай бұрын ғана атқара бастаған, алайда оның қызметтік жолы даулы оқиғамен жалғасты: ол мас күйінде көлік жүргізіп жүрген жерінен ұсталды, деп хабарлады Halyqstan телеграм-арнасы.
Оқиға 22 маусымға қараған түні болған. Махмұтов көлікте әріптес әйелмен бірге отырған және қарсы жолаққа шығып кеткен. Жол-патрульдік полиция қызметкерлері көлікті тоқтатып, хаттама толтырған және бас дәрігерді медициналық тексеруге жіберген.
Клиникалық зерттеу нәтижесі қанағаттанарлықсыз болды: оның қанында психоактивті зат табылды, ал алкогольдік масаң күйде болғаны расталды.
Сотта Махмұтов кінәсін мойындап, шын ниетімен өкінетінін айтты. Бұл — айыпты жеңілдететін жағдай ретінде танылды. Алайда, судья Мұхтар Тойбазар қаулысында былай деп атап өтті:
«Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабы 1-бөлігінің санкциясы баламасыз, бұл жағдайды өзгертетін мән-жайлар жоқ. Сондықтан Махмұтов А.Т.-ға 15 тәулікке әкімшілік қамау және 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалады».
4 шілде күні әкімшілік сотта Махмұтовтың жол ережесін бұзып, қарсы жолаққа шығуына байланысты екінші іс қаралады.