05-04-21 |
1810 рет қаралған
Лотереяға алданғандарға араша түскен қорғаушы қорғансыз күйде.
Лотереяға алданғандарға араша түскен қорғаушы қорғансыз күйде

Жұртты қорғауы тиіс қорғаушы Тілеужан Кішкенебаевтың өзі қорғансыздың күйін кешуде. Жуырда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейне үндеу тастап, сауға сұрады. Айтқаны рас болса, әншілер мен әлдекімдер бұның соңына шам алып түсіп, қысым көрсетуде. Айыбы жұлдыздар жаппай өткізген ұтыс ойындарынан алданған халықтың мүддесін қорғаған. Бұл оның пікірі.  

Екінші тарап бар. Оның басында да қорғаушы тұр. Айтуынша президенттен араша сұрап жүрген заңгердікі –  өзінің айыбын жуып шаю үшін әншілерден қалған дау-дамайдың шоғын қайта маздатып, жалпақ жұрттың назарын аударудың амалы. Әсілінде қарға қарғаның көзін шұқымайтын еді, әлде бұл қардың басын қар алады, ханның басын хан аладының кері ме? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Айдың күннің аманында екі адвокат айқасып жатыр. Араларына іріткі салған әншілердің әлегі.

Даудың басы сол баяғы былтырғы ұтыс ойындары.  

«Әншілерге жалпы алданған адамның саны 7800-ден аса деп көрсетілген. 7800 адам белгіленген. Менің қорғауымда 50 шақты адам бар. Олардың барлығы әншілердің жарнамасы деп таныстырған соң оларға алданған», – деді адвокат Тілеужан Кішкенебаев.

Алданғандардың мүддесін қорғамақ болған заңгердің басына қара бұлт үйірілді. 3 жылға адвокаттық қызметі туралы лицензиясынан айырылып, 500 мың теңге айыппұл салыныпты. Тілеужан Кішкенебаев мұның артында атышулы әншілер тұруы бек мүмкін деп болжайды.

«Роза Әлқожа маған қудалауды қоймадың ғой деп хат жазып жіберді. Ойлаймын Алматы қаласы прокуроры орынбасарының маған қатысты қылмыстық іс қозғауы солардың ықпалы бар деп», – деді ол.

Солар дегені кімдер?

«Ол жерде жарнама жасаған әншілер Жазира мен Жанболат, Роза Әлғожа, Ақбота Керімбекова, осы әншілер жарнамасына менің қорғауымдағы халық алданған», – дейді Кішкенебаев.

Ақбота демекші, өткен жылдың соңы мен 2021 жылдың басында елімізде той-томалақ, концерттер азайған соң бір топ өнер адамы Шымкентте ағылды. Түрлі қызметке барды. Арасында Ақбота Керімбекова да бар. Алайда ресми ақпарат құралдарына жарияланған ақпарат жалған болып шықты. Әнші Шымкенттегі мәдениет басқармасының орынбасары қызметіне тағайындалмаған.

«Мен мәдениет басқармасында жұмыс істеп жатырмын. Бірақ орынбасардың қызметінде емес. Құрбым дұрыс түсінбей салып жіберген ғой инстаграмға», – деді әнші. 

Ақбота өз аузымен айтты. Мәдениет басқармасында еңбек етуде. Ал Шымкенттің мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы бізге берген жауабында Ақбота өз өтініші бойынша жұмыстан босатылды, бізде жұмыс жасамайды деп ресми хат жолдады. Хаттың жауабы да, әншінің жауабы да бір күнде алынды. Қызық!

Хош, сонымен жар салып ел-жұртты ұтыс ойынына шақырған әншілер шынымен халықты алдады ма?

«Ұтыс ойындары мен инвестицияны екі бөлек қарастырайық. Әу баста олардың келгені ұтыс ойыны. Ұтыс ойыны өтеді, кетеді. Соған ақша салған адамдардың базасы қалыптасып қалады. Әншілердің қатысуынсыз ұйымдастырушылар оларға тікелей ұсыныс тастайды. Енді инвестицияға қатысыңыздар деп. Инвестиция туралы Розаның, не Ақботаның бірауыз жарнамасы жоқ», – деді адвокат Абзал Құспан.

Роза мен Ақботаның мүддесін қорғап жүрген Абзал Құспан әріптесі заңгер Тілеужан Кішкенебаевқа қатысты қызық дерек айтты.

«Әншілердің ешқандай қатысы жоқ бұл жерде. Бұл жерде тағы халықтың назарын бұрып әкетіп, өзінің ісіне әншілерді араластыру арқылы, белгілі адамдар арқылы халықтың назарын аудару», – деді Абзал Құспан. 

Адвокат Кішкенебаевқа қатысты қандай іс қозғалып еді.  

«Маған тағылып жатқан айыптар заңсыз тағылып отыр. Шығарылған үкімнің өзі де заңсыз. 2017 жылы мен кезекшілікте тұрғанда Алатау ауданының полиция басқармасында тергеу амалдарына қатысқанмын. Ол жерде тергеуші қорға деген адамды мен қорғадым. Әрі қарай ол қорғаған адам басқа адам болып шықты. Жалған қылмыстары анықталды», – адвокат Кішкенебаев.

«2017 жылы орын алған оқиға. 2018 жылы Ақжонов есімді полиция инспекторы сотталады. Сол кезде мына іс ашылып қалады. Полиция участігіне келмеген адамдарға өтірік адвокат болдым деп ақша алған-ды. Кейін анықталғаннан кейін барып іс қозғалып жатыр. Әншілердің ешқандай қатысы жоқ», – деді адвокат Абзал Құспан. 

Қазір заңгер Тілеужан Кішкенебаевтың бұрынғы ісін қайта көтеруге кімнің ықпал етіп жатқаны белгісіз. Бір анығы, Абзал Құспаннан басқа әріптестері,  30 аса адвокат оны қорғауға күш салып жатыр. Ал әншілердің атын пайдаланып, инвестиция жарнамасына шақырған алаяқтардың кейбірінің үстінен іс қозғалған. Қалғаны тайраңдап жүр. Бірақ алданған халықтың ақшасын кім қайтарады?

Айта кетейік, әншінің атағына сеніп, абыройына үміт артқан қарабайыр қазақ алданып қалды. Бұл жолы 10 мың теңгелік лотореяға емес, 300 мың теңгеден 5 миллионға дейін баратын инвестицияға алданды. Осылайша Ақбота Керімбекова мен Роза Әлқожаның жарнамасына иланған жұрт миллиондарынан айырылғанын айтқан еді. Ақбота Керімбекова мен Роза Әлқожаның ұтысына алданғандар қайта шу шығарды. Лотерея ісіне араласқаным үшін Ақбота, Роза мен Жазира қысым жасап, соңында өзім кінәлі болып шықтым деді адвокат. Тілеужан Кішкенебаев видео үндеу жолдап, президенттен көмек сұрады.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.