Шындық іздеп шырылдаған ана 3 жылдан бері ақиқатқа қол жеткізе алмай келеді. Себебі, 35 жастағы жалғыз ұлы құрылыс алаңында қаза болған. Ал, жұмыс берушілер бар кінәні жұмысшыға артып, істі жылы жауып қоймаққа әрекет еткен. Сапталдай азамат неден мерт болды? Неге отбасына өтемақы төленбей келеді?
Еуразия бірінші арнасының мәліметінше, Өскемен қаласының тұрғыны Зинаида Блинова осыдан 3 жыл бұрын қапияда ұлынан айырылып қалған. Құрылыс компаниясында жалдамалы жұмысшы болып істейтін Алексей Попов өндірістік жарақаттан көз жұмған. Міне, содан бері қайғыдан қан жұтқан анасының шындық іздеп бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Өйткені, жұмыс берушілер қауіпсіздік талаптарын сақтамады деген желеумен бар кінәні марқұмға жаба салған көрінеді.
«Баламның бойы 2 метрге жуық еді. Нақтырақ айтсам метр 89, соған биіктігі 3 метр болатын нысанның үстіне шығып плиталарды өлше деп тапсырма берген. Түсінбейтінім, оның бойы жетеді ғой неге төбесіне шыққан? Бұйрығын орындаған уақытта, плита опырылып, ұлым жерге құлаған»,-дейді марқұмның анасы Зинаида Блинова.
Қайғылы жағдайдан соң құрылыс алаңына барған анасы сұмдық жайтқа куә болған. Баласының нысаннан құлады деген жерде ауыр техниканың ізін көрген. Ал, оны құрылыс басшылары барынша жасырып бағыпты. Кейін белгілі болғандай марқұмның үстіне құрылыс материалы құлап кеткен.
«Ұлымды жерлеген соң, келесі күні құлаған жерін өз көммен көрдім. Балаларымды ертіп алып бардым. Оқиға болған жердегі плиталардың барлығын реттеп қойған. Бірақ, сот медициналық сараптамасының қорытындысына сәйкес, плиталар әр жерде шашылып жатқан»,-дейді Зинаида Блинова.
3 жылдан бері Зинаидан Блинова 10-нан астам сот отырысына қатысқан. Алайда, шешім шыққанымен мердігер компания өтемақы төлемек түгілі соқыр тиын да көрсетпеген. Ал, адам құқығын қорғаушылар ол жерде жұмыс берушілердің кінәсі 70 %, ал жұмысшының кінәсі 30% құрайды деген байламға келген.
«Егер де өндіріс жағдайында азаматтар жарақат алса, заңсыз әрекеттер анықталған жағдайда олар Шығыс Қазақстан облыстық адам құқығын қорғау бюросының бөлімшесіне шағымдана алады. Біздің мекеме, жұмыс берушінің әрекетін анықтап тексере алады. Сараптама жасайды»,-дейді облыстық азаматтардың құқығын қорғау филиалы бюросының заңгері Әсем Жапалова.
Қазір ұлының артында кәмелетке толмаған екі баласы қалған. Оған жалғыз анасы қарап отыр. Шындыққа қол жеткізе алмаған әйел жұмыс берушілерді тағы моральдық шығын өндіріп алу үшін сотқа берген. Әзірге еш нәтиже жоқ. Тіпті, оң шешім шығатынынан күдерін үзген келіншек жоғарғы инстанциялы органдарға да шағымданамын деп белді бекем буып отыр.
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024