arasha.kz

Мамай мен Иманбай өздері қаламаса да, ақиқат біздің жақта екенін мойындады – Байбектің заңгері

Белсенді Жанболат Мамай мен оның әйелі Инга Иманбайдың апелляциялық шағымдары бойынша өтіп жатқан сот отырысында Бауыржан Байбектің заңгері Айжан Тәшенова адвокаттарды біліксіз деп атады.

Сотта Бауыржан Байбектің мүддесін қорғап жатқан заңгер Айжан Тәшенова Мамай мен Иманбайды шағымы жалған деректерден ғана құралғанын, ал олардың қорғаушыларында ортақ ұстаным жоқ екенін мәлімдеді.

«Үш қорғаушының жабылып екі шағым түсіруінен олардың өзара келіспеушілігін, біліксіздігін көріп отырмыз. Үш заңгер мен түрлі ұстанымдағы екі шағым – ішкі келіспеушілік пен алауыздықты көрсетеді. Мамай мен Иманбай өздері қаламаса да, іс жүзінде ақиқат біздің жақта екенін мойындады. Себебі, жауапкерлер өздерінің екі шағымында бірінші сатыдағы сот шешімі шыққан 7 мәлімдеменің тек 4-ін ғана даулап отыр», – деді заңгер.

Тәшенованың айтуынша, жауапкерлер бұған дейінгі қателіктерін тағы қайталаған. Яғни, сотқа кедергі келтіруге тырысып, нақты дәлелдер мен сенімді фактілерді ұсына алмапты.

«Апелляциялық қарау сатысында Мамай мен Иманбай бірінші инстанциядағы соттағыдай, біз ұсынған бірде-бір дәлелдемені жоққа шығармады, тіпті күмән келтірмеді. Шын мәнінде, апелляциялық шағымды мынадай көзбояушылықпен беруі – жауапкерлердің сот шешімінің заңды күшіне енуін созуға тырысып жатқанын көрсетеді», – деп қосты Б.Байбектің заңгері.

Айта кетейік, биыл маусымда қоғам белсендісі Жанболат Мамай мен оның әйелі Инга Иманбайды Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру бойынша деп сотқа берген болатын. Оған дейін ерлі-зайыптылар Байбекті жемқор деп айыптап, бірнеше видеоролик жариялаған. Азаматтық сотта қаралған істе Мамай мен оның әйелі жеңіліп, аталған видеоларды орналастырылған жерлерден өшіруге міндеттелген еді. Алайда, соттың бұл шешімімен келіспеген олар апелляциялық сотқа шағым түсірді.

Exit mobile version