arasha.kz

«Медиация» туралы заңның артықшылығы көп

«Медиация» туралы заңның қолданысқа енгізілгеніне он жылдан аса уақыт өтті. Бұл заң қазақтың дала заңының лайықты жалғасы. Тарихқа көз салар болсақ, бітімгершілікті негізгі іргетасына айналдырған ежелгі заңдардың барлығы даукестікті жоюға, ел ішіндегі бірлікті сақтауға, дауды мәмілемен шешуге, тараптардың сыйластығына сына түсірмеуге, екі жақты татуластыруға бағытталған.

Келісім мен мәміленің түпкі мағынасы ұлттық санаға жақын, ойға түсінікті болғанымен, татуластыруды заңдық тұрғыдан бекітуді көздеген құқықтық құжаттың «Медиация» атануы алғашында халықтың түсініспеушілігін тудырғаны рас. Себебі, медиация, медиатор деген терминдер қазақы түсінікке жат. Мұның мәнін тек басқа елдердің заңнамаларын, құқықтық институттарын қарап, танысқан азаматтар ғана білуі мүмкін. Осының өзі заңшығарушылардың медиацияның маңызына, оны жүзеге асыру механизмдеріне тыңғылықты көңіл бөлгенімен, заңның атауына зер салмағанын көрсетеді.

Жалпы, заң атауы заңгерлерге ғана емес, барша жұртқа, қарапайым азаматтардың бәріне түсінікті болатындай таңдалуы тиіс. «Медиация» туралы заңның міндеті ауқымды, мақсаты биік болғанымен, атауының таңсық болуы тәжірибе барысында бірақ қиындық тудырды. Соған орай қазақстандық сот медиациянының артықшылығын, тиімділігі мен пайдасын түсіндіру бағытында орасан зор еңбек етті. Түсіндіру, насихаттау, ақпараттандыру бағытында өрбіген бұл кешенді жұмыстарға соттармен бірге, әкімдіктер, адвокаттар, нотариустар, заңгерлер мен құзырлы орган қызметкерлері атсалысты. Дегенмен, бітімгершілікті дамытудағы жанкешті еңбектің басында қазақстандық судьялар тұрғанын мойындауымыз керек.

Республиканың түкпір-түкпіріндегі соттар медиацияны дамыту үшін ең әуелі білікті, сауатты, беделді медиаторлар тобын қалыптастыруға күш салды. Осылайша аудандық соттардан бастап, қалалық, облыстық соттарға дейін өз ғимараттарында медиация кабинеттерін жасақтады. Зейнеттегі полиция, прокуратура өкілдерін, қоғам қайраткерлерін, беделді ауыл ақсақалдарын медиатор болуға тартты. Сонымен бірге, кәсіби медиаторлар санын көбейту үшін арнайы дәрістер, тренингтер ұйымдастырылып, жаңа мамандардың жұмысқа кірісуіне жағдай жасалды.

Ең алғашқы медиативтік келісімдерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттауға да ерекше көңіл бөлінді. Тараптарды татуластыруға қол жеткізген соттар өз тәжірибесін көпшілікпен бөлісіп, келісімге келген азаматтардың пікірін үздіксіз жариялап, таныстырып отырды.

Расында, медиация туралы заңның артықшылығы өте көп. Оған тәжірибе барысында азаматтардың да біртіндеп көзі жете бастады. Сот пен медиацияны даралайтын ең бірінші артықшылық, сотта істерді қараудың, таразылаудың арнайы мерзімі бар. Бір істі қарап, шешім шығару бірнеше аптаға, кейде тіпті айға созылуы мүмкін. Ал медиация уақытты үнемдеудің мүмкіндігі. Өзара татуласқан тараптар ортақ келісімге келетіндіктен, сот шешімін күткендей көп уақытын жоғалтпайды.

Екіншіден, сотта істі қарау қаржылық жағынан да қалтаға үлкен салмақ салады. Себебі, сотқа келіп, кету, заңгер жалдау, жұмыстан сұранудың қаржылық қиындық тудыратыны сөзсіз. Ал медиацияда заңгерге кететін қаржы қалтада қалады. Сот процесіне келемін деп жұмыстан сұранудың да, келіп-кетуге қаржы шығындаудың да қажеті жоқ. Сонымен бірге, медиативтік келісімге келген азаматтардың мемлекеттік баж салығы да қайтарылатынын ескергеніміз жөн.

Үшіншіден, медиация – ерікті келісім. Барлық мәселе екі жақтың сөзін қатар тыңдап, бірлесе шешілгендіктен, мұнда артық дау туындамайды. Дау туындамаған соң екі жақтың арасындағы сыйластыққа да ешқандай сызат түспейді.

Төртіншіден, сот процесінің соңы сот шешімін шығарумен түйінделеді. Алайда екі тарап сот шешіміне бірдей риза болып, келісіп кетпеген соң, сот актілерінің орындалуы да созылып кетеді. Кейбір сот актілері орындалмай орта жолда қалып жатады. Ал медиацияда дауға екі тараптың келісімімен нүкте қойылатындықтан, ортақ келісім шарттарының орындалуы да тез әрі сапалы.

Бесінші артықшылық ретінде сот отырысының ашық, жария өтетінін, ал медиацияда құпиялық пен жеке басқа қатысты деректерді сақтауға мүмкіндік бар екенін айтқан жөн. Қазақстан заңдарында шектеу қойылған кейбір істер болмаса, барша сот процесіне БАҚ өкілдерінің, қызығушы тараптардың қатысуына рұқсат етілген. Ал ашық процесте азаматтардың ешкімге айтқысы келмейтін деректерді жария етуіне тура келеді. Бұл сот отырысына қатысушыларға ғана емес, кейіннен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жалпақ жұртқа мәлім болады. Медиациялық келісім осындай ашық жариялықтан азаматтарды құтқарады.

Осы артықшылықтарға азаматтардың көзін жеткізу мақсатында соттар үнемі медиациялық келісімге келу тәжірибелерін ортаға салып отырады. Сонымен бірге, соттар медиаторлардың тізімін жасап, олардың еркін жұмыс істеуі үшін толық мүмкіндік ұсынған. Бүгінде жаңадан ашылған қай соттың ғимаратын алсаңыз да, онда медиаторларға арнайы бөлме қарастырылған.  Соның арқасында медиаторлар бөлме жалдау үшін қаржы шығындамайды. Әрі өз қызметін қажет ететін тараптарды іздеп уақыт жоғалтпайды. Тараптар сот қызметкерлерінің кеңесімен медиаторға жолығып, көңілдерінен шықса ортақ келісімді бекіте алады. Ал келісімге келмесе, іс жалпы тәртіппен сот отырысында қаралады.

Осы жерде медиацияны дамытуға байланысты кейінгі жылдары қолға алынған қосымша заңдық тетіктер туралы да айтпай кетуге болмайды. Мәселен, «Медиация» туралы заң алғаш қолданысқа енгізілгенде тараптарды келісімге келтіру құзыреті тек кәсіби және кәсіби емес медиаторларға берілген еді. Кейіннен Азаматтық процестік кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, «Татуластыру туралы» арнайы тарау қосылды. Соның нәтижесінде тараптарды медиациялық келісімге келтіру міндеті татуластырушы судьяларға, адвокаттарға да жүктелген. Қос тараптың адвокаттарының келісімімен жүзеге асырылатын партисипативтік келісімдердің де кейінгі кезде саны артып келеді.

Осының барлығы отандық сот тарапынан қолға алынған пәрменді шаралардың жемісі. Соттардың құзырлы органдармен меморандумдарға отырып, медиацияның насихатын көбейтуі жаңа институттың халық арасындағы танымалдығын арттырды. Бүгінде өзара келісімге келіп, дауды сотқа жеткізбей шешетіндер қатары қалың.

Exit mobile version