Еңбекшіқазақ ауданында екі бала мұғалімдердің күш қолдануынан кейін ауруханаға түскен. Бұл туралы Балалар құқығы жөніндегі уәкіл Динара Закиева айтты.
Закиева еліміздегі мектептердегі жаға ұстарлық жағдайды ашық айтты.
«Мемлекет Басшысының тапсырмасы аясында осы айда біз мемлекеттік органдармен, Бала құқықтарын қорғау комитетімен бірлесіп, облысқа іріктемелі тексеріс жүргіздік. Онда мен және бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Алматы облысының 7 ауданындағы мектептердегі жағдайды іріктемелі тексердік. Өкінішке қарай, Алматы облысы Іле ауданында оқушының басқа балаларға қатысты жасаған зорлық-зомбылығы – бұл облыс мектептеріндегі үлкен жүйелі проблеманың бір көрінісі.
Облыс оқушыларының арасында анонимді сауалнама жүргіздік, сондай-ақ олардың анкеталарын зерттедік. Нәтижелері бізді селт еткізді.
Қарасай, Балқаш, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ аудандарының мектептерінде балалар ақша бопсалау, тамақ тартып алу, буллинг, зорлық-зомбылық, сонымен қатар мұғалімдер тарапынан, дене шынықтыру және алгебра пәні мұғалімдерінің тиіспе әрекеттері туралы жазған. Еңбекшіқазақ ауданында екі бала мұғалімдердің күш қолдануынан кейін ауруханаға түскен»,- деді ол.
Сондай-ақ Жамбыл ауданының бір мектебінде балалар келесі қорқынышты көріністі сипаттаған. Кіші сынып оқушылары жоғары сынып оқушыларын көргенде қолдарын ақша беру үшін бірден қалталарына салады екен, әйтпесе оларға күш қолданылады дейді. Балалар бесінші сынып оқушысын топ болып ұру, насыбай қолдану (ол кейде жерде жатады деп жазған) туралы да жазған. Сонымен қатар олар оқушыларға қатысты кибербуллингті жариялайтын анонимді Instagram-арна туралы хабарлап, бұл туралы мұғалімдерге айтқандарымен, ешқандай көмек алмаған. Одан бөлек, балалар күзде кемінде 50 оқушы қатысқан жаппай төбелес болғанын айтты, бірақ мектеп бұл фактіні жоққа шығарып отыр, ал полиция мұндай ақпаратқа ие емес екен.
«Осылайша, мектептерде оқушылар арасындағы құқықбұзушылықтарды мектеп басшылығы мен қызметкерлерінің жасыруы, балалармен профилактикалық және жеке жұмыстың жоқтығы байқалады. Мектеп әкімшілігі оқушылар арасындағы жағдайды білмейді немесе елемейді, жасырады және полицияға хабарламайды. Бұдан бөлек, көптеген жағдайларда мектептердің өздері анкетада буллинг, ақша бопсалау және өзге де құқыққа қайшы әрекеттер бойынша оң жауаптар берілгеніне қарамастан, қорытынды анықтамада бұндай жағдайларды 0% деп көрсеткен», деді Закиева.
Сонымен қатар, ол облыста тәрбие бағдарламаларын және қабылданған заң нормаларын іске асыру деңгейі төмен екенін атап өтті.
«Аталмыш фактілердің бәрін біз облыс басшылығы, полиция және өзге басқармалармен өткен қорытынды жиналыста жария еттік. Сондай-ақ, біз облысқа және уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданатын анықтама дайындадық»,-дейді Закиева.
Айта кетсек, кеше әлеуметтік желіде мектеп оқушыларының әлімжеттік жасап жатқан видеосы тараған болатын.