Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрлігі лесбиан, гей, бисексуал және трансгендерлікті (ЛГБТ) насихаттауға қарсы петицияны ішінара қолдады.
1 тамызда Астанада «Біз ЛГБТ-ны Қазақстан аумағында насихаттауға қарсымыз!» атты петиция бойынша жария талқы өтті. Жиын министрліктің Facebook парақшасында тікелей эфирде көрсетілді.
«Конституцияға сәйкес, барлық азамат заң мен сот алдында тең. Бірде-бір адам дискриминацияға, оның ішінде жынысына қарай немесе өзге жағдайларға байланысты алалауға ұшырамауы керек. Осыған орай петицияны жартылай қолдаймыз. Бір мезетте петицияда көрсетілген балалар мен жасөспірімдерді жыныстық қарым-қатынасты насихаттау, культке айналдырудан қорғау туралы талапты қолдау туралы шешім қабылданды» деді мәдениет және ақпарат министрлігінің жастар мен отбасы істері жөніндегі комитеттің төрағасы Қайрат Қамбаров.
Министрлік өкілінің сөзінше, «мәселені мұқият зерттеп, оны реттеудің тиімді тетіктерін» жасау керек. Ол «тиісті министрліктер сараптама жасап, ЛГБТ-ның кәмелетке толмағандарға әсері бойынша зерттеулерге шолу жасайды» деді. Министрлік өкілі алдағы аптада «мәселе» тағы талқыланатынын айтты.
Жария талқы кезінде ішкі істер министрлігі, оқу-ағарту министрлігі, денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері петицияны қолдап, «кәмелетке толмағандарға жасалған қылмыс бойынша статистиканы» алға тартты.
Ал құқық қорғаушылар мен бірқатар белсенділер «Қазақстан Конституциясы өзге жайттармен қатар адамдарды жынысына қарай да алалауға тыйым салады» деп петицияны қабылдамауға үндеді.
Бейсенбі күнгі талқы алдында ЛГБТ насихатына қарсы петиция авторы, Қазақстан ата-аналар одағы бірлестігінің төрайымы Бағила Балтабаева Қазақстан билігін петицияны қабылдамауға шақырған БҰҰ Адам құқығы кеңесінің мәлімдемесіне келіспейтінін жеткізді.
Балтабаева «әр мемлекеттің өз ішкі саясаты, ұстанымы, менталитеті, заңы бар. Сауда-саттық сияқты дүниелерге араласса аралассын, бірақ біздің ұрпаққа, балаға қатысты дүниеге сырт елдің ешқайсының араласуға хақысы жоқ» деді.
Талқы кезінде Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюро жетекшісі, құқық қорғаушы Евгений Жовтис Конституциядағы 14-бапты еске салды.
Онда «тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» деп жазылған.
Құқық қорғаушы «гендерлік ориентацияны насихаттау мүмкін емес, өйткені бұл шаштың түсі немесе көздің қиығы сияқты адамның биологиялық белгісі» деді.
Жиынға қатысқан адамдар айқайлап, Жовтистің сөзін бөлуге тырысты.
Қазақстанның ата-аналар одағы бірлестігінің төрайымы Бағила Балтабаева «Біз ЛГБТ-ны Қазақстан аумағында насихаттауға қарсымыз!» деген ұсыныспен 50 мың адамның қолын жинаған. Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрлігі бұл мәселені қарау үшін арнайы жұмыс тобы құрылғанын мәлімдеген.
Бұған дейін бірқатар халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары Қазақстан үкіметін аталған петицияны қабылдамауға шақырған. 31 шілдеде БҰҰ сарапшылары егер үкімет петицияны қабылдап, ЛГБТ өкілдерінің құқықтарын таптайтын заңнаманы мақұлдаса, Қазақстан халықаралық қауымдастық алдында міндеттемелерінен айныған болып санады деп мәлімдеген.
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024