9-10 маусым күндері және одан кейін де рұқсат етілмеген митингіге шыққан және митинг болған маңда кездейсоқ болып тұтылып қалған азаматтарға заңдық көмек беру, тұтқындалғандардың жалпы тізімін жасау азаматтық белсенділер тарапынан қолға алынып жатыр. Мәселен, 9/6 деген ұйым құрылып, ол митингіде ұсталғандарға заңды көмек беріп, олардың тізімін жасауға кірісті.
Олар азаматтарға хабарласып, митингіден кейін хабарсыз кеткен жақындары туралы хабар беруге шақырды. Сондай-ақ, митинг кезінде ұсталғандарға заң тұрғысынан көмек беруді «Оян, Қазақстан» қозғалысы да қолға алғаны хабарланды.
«Республика» қозғалысы да Нұр-Сұлтандағы митинг кезінде ұсталып, Қарағанды облысындағы қамау орындарына жіберілген азаматтарды іздеп тауып, көмек берумен айналысып жатыр.
Сондай-ақ, митингілерде ұсталған азаматтардың тағдырына қатысты президент Тоқаев та прокуратураға тапсырма бергенін мәлімдеді.
«Бас прокурорға азаматтардың заңды құқықтарын қамтамасыз етуді, ұсталғандардың нақты саны мен кінәсінің деңгейін анықтауды тапсырдым. Кінәсіз азаматтар мен оқиға орнында кездейсоқ болғандарды босату қажет» деді президент.
Бас прокурорға азаматтардың заңды құқықтарын қамтамасыз етуді, ұсталғандардың нақты саны мен кінәсінің деңгейін анықтауды тапсырдым. Кінәсіз азаматтар мен оқиға орнында кездейсоқ болғандарды босату қажет.
— Qasym-Jomart Toqayev (@TokayevKZ) June 12, 2019
Қайыра айтсақ, 9-10 маусым күндері Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында рұқсат етілмеген митингілер болып, оған жүздеген адам қатысты. Ішкі істер министрлігі митингілер кезінде 700 адам ұсталып, бірінші күні 450 адамға, екінші күні 150 адамға әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салғанын хабарлаған еді. Ал бас прокуратура бірнеше рет мәлімдеме жасап, азаматтарды рұқсат етілмеген митингіге шықпауға шақырған.