Біз
әлеуметтік
желіде
03-06-25 |
1960 рет қаралған
Орал қалалық сотының төрағасы сот залынан қамауға алынды.
Орал қалалық сотының төрағасы сот залынан қамауға алынды

Орал қалалық сотының төрағасы Руслан Жұмағұлов алаяқтыққа оқталды деп танылып, сот залында қамауға алынды, деп жазды «Мой город».

Судья Әлия Теберикованың үкімімен Жұмағұлов 2 жыл 3 ай 15 күнге бас бостандығынан айырылды. Ол бұған дейін үйқамақта болған. Енді оған мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды.

2024 жылдың қарашасында Жұмағұлов пара алып жатқан кезінде ұсталған еді. Тергеу материалдарына сәйкес, 2024 жылғы 19 маусымда 14 жылға сотталған азамат шартты түрде босатуға өтініш беріп, қорғаушы ретінде Нұржігіт Фазылғалиевті жалдаған. Фазылғалиев Жұмағұловқа пара беруге келісіп, оны алдау арқылы 200 мың теңге алған. Жұмағұлов бұл істі шеше алмайтынын білсе де, көмектескен болып көрініп, ақша алмақ болған.

Ары қарай Фазылғалиев сотталушының танысынан 1,5 млн теңге пара талап етіп, соның 1,1 млн теңгесін өзі иемденген. Параның 200 мыңын Жұмағұловқа берген. Ол ақшаны қызметтік сейфке қойған кезде КНБ қызметкерлері оны тінтіп, дәлел тапқан.

Фазылғалиев те кінәлі деп танылып, 2 жыл 7 ай 15 күнге сотталды. Ол да сот залында қамауға алынды. Оған 3 жылға адвокаттық қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Айыпталушылар кінәсін толық мойындап, процессуалдық келісімге қол қойған. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Жұмағұлов 2019 жылдан бері Орал қалалық сотының төрағасы болған. Бұған дейін ол судья, адвокат және прокуратурада жұмыс істеген.

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.