Біз
әлеуметтік
желіде
11-06-25 |
370 рет қаралған
«Орда» басылымын рейдерлік жолмен басып алу әрекеті жүріп жатыр — редакция мәлімдемесі.
«Орда» басылымын рейдерлік жолмен басып алу әрекеті жүріп жатыр — редакция мәлімдемесі

Қазақстандағы танымал тәуелсіз медиа — «Орда» редакциясы өз басылымына қарсы жүйелі қысым мен рейдерлік шабуыл жасалып жатқанын хабарлады. Басылымның айтуынша, соңғы алты ай ішінде журналистер мен бас редактор Гүлнар Бажкенова қудалауға ұшырап, анонимді қорқытулар мен ақпараттық шабуылдардың нысанасына айналған, деп хабарлады “Адырна”.

Бажкенованың мәліметінше, белгісіз адамдар журналистердің тұрғылықты мекенжайларына барып, өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырып, көршілерден сұрау жүргізуде. Олар фотороботтар көрсетіп, журналист «іздеуде» деп ақпарат таратып жатыр. Сонымен қатар, қызметкерлердің жеке деректері мен телефон нөмірлері интимдік қызмет ұсынатын сайттар мен OLX сынды платформаларда жалған жарнамалармен жариялануда.

«Жалған әлеуметтік желі аккаунттары арқылы журналистердің атынан шындыққа жанаспайтын мәліметтер, соның ішінде бас редактордың қайтыс болғаны жөнінде фейк хабарламалар таралып жатыр», — деп жазды басылым.

Редакция «Орда» аккаунттарының әлеуметтік желілерде жиі бұғатталатынын да мәлімдеді. Құпия чаттарда редакция қызметкерлеріне қатысты денсаулығына және өміріне төнетін қауіп жөнінде ашық жазылған.

«Орда» басылымын рейдерлік жолмен басып алу әрекеті жүріп жатыр — редакция мәлімдемесі

Басылымды бақылауға алуға бағытталған түрлі әрекеттер сәтсіз болғаннан кейін, ықпалды адамдар «Орда» заңды тұлғасын тартып алуға кіріскен. Мұндай әрекеттерді редакция рейдерлік басып алу деп бағалап отыр.

«Тәуелсіз БАҚ ретінде біз қандай да бір орталықтандырылған жүйеге қосылудан бас тарттық. Осыған байланысты біздің заңды тұлғамызды күшпен иемдену жоспары жасалып отыр», — делінген мәлімдемеде.

Қазіргі уақытта редакция құқық қорғау органдарына ресми арыз дайындап, жақын күндері баспасөз конференциясын өткізуді жоспарлап отыр. Онда бұл шабуылдардың артында кім тұрғаны туралы нақты деректер ұсынылатыны хабарланды.

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.