Біз
әлеуметтік
желіде
23-06-25 |
450 рет қаралған
“Полицей ойына келгенін істейді, өйткені ешкім қарсы дау айтпайды”.
“Полицей ойына келгенін істейді, өйткені ешкім қарсы дау айтпайды”

Қазақстанда құқық қорғау органдарына қатысты сын толастар емес. Қоғам тарапынан айтылған уәждер мен жанайқайлар көп, бірақ нақты өзгеріс байқалмайды. Тәртіп сақшыларының өкілеттігін асыра пайдаланып, азаматтардың құқығын шектен тыс бұзуы — қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай. Бұл туралы адвокат Тілеужан Кішкенебаев Арашаға берген пікірінде ашық айтып отыр.

Адвокат Тілеужан Кішкенебаев құқық қорғау саласына кешенді реформа қажет екенін бұрыннан айтып келеді. Бірақ мәселені шешуге мүдделі тарап аз.

Біз бұл проблеманы прокуратурада да, қоғамдық алаңда да, түрлі жиындарда да көтеріп келеміз. Бірақ бұл мәселеге құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Жүйе өзін-өзі ақтап отыр. Қоғам үндемесе, олар да қозғалмайды, — дейді ол.

Кішкенебаевтың пікірінше, бұл тек заңнамалық деңгейде емес, саяси және құрылымдық деңгейде шешілуі тиіс мәселе. Бірақ бүгінгі жүйе өз кемшілігін мойындауға дайын емес.

Полиция — үркіту құралы ма, құқық қорғаушы ма?

Адвокаттың айтуынша, құқық қорғау органдарындағы басты проблема — шексіз билік пен бақылаусыздық. Полиция өз өкілетін жиі асыра пайдаланады. Азаматтарды заңсыз ұстау, қорқытып-үркіту, кінәсін мойындату — бұл күнделікті тәжірибеге айналған.

Адамды таңнан кешке дейін тергеу бөлімінде ұстап, түрлі психологиялық қысым көрсетіп, мойындамаған қылмысты мойындатуға тырысады. Бұл — заң бұзу. Заң бойынша адамды үш сағаттан артық ұстауға болмайды. Бірақ көпшілік мұны білмейді, құқықтық сауаты жоқ болған соң, үнсіз көнеді, — дейді адвокат.

Оның айтуынша, полицияның бұл әрекеті — азаматтарды үркітіп-үрейлендіру арқылы өз жұмысын “оңайлатудың” тәсілі. Бұл жерде кінә — тек тәртіп сақшыларының ғана емес, сонымен қатар прокурорлық бақылаудың да әлсіздігінде.

Кадр тапшы деген сылтаумен дөрекілерді жұмыстан шығармайды

Құқық қорғау жүйесіндегі тағы бір күрделі мәселе — ішкі мәдениеттің жоқтығы. Азаматтармен дөрекі сөйлесу, агрессиямен қарым-қатынас жасау — бұл да “нормаға” айналып кеткендей.

Бізде мәдениетке мүлде мән берілмейді. Дөрекі қызметкерлер жұмыстан шығарылмайды. Неге? Өйткені ‘кадр жетіспейді’ деген сылтау алға тартылады. Тергеуші жоқ, анықтаушы тапшы дейді де, сөгіспен ғана шектеліп қоя салады. Бұл жүйелі рұқсатсыздықтың көрінісі, — дейді Кішкенебаев.

Адвокаттың айтуынша, мәдениетсіздік — бұл құқық бұзудың “жұмсақ формасы”, бірақ салдары аса ауыр. Азамат пен мемлекет арасындағы сенімсіздік осы жерден басталады.

Жиындардан нәтиже бар ма? Әлде “есеп беру” үшін ғана ма?

Қазақстанда құқық қорғау жүйесін дамыту бойынша жиі жиындар өтеді. Бірақ адвокаттың айтуынша, олардың көбі нақты өзгеріске емес, көзбояушылыққа бағытталған.

Бүгінгі жиын да сол баяғы есеп үшін ғана өткізіліп жатқандай. Қадағалау әлсіз. Кінәлілер жазаланбайды. Кейде нақты кінәлі адамды емес, жазықсыз біреуді түрмеге отырғызып қояды. Тергеу сапасы өте төмен. Ал прокуратура тарапынан шынайы бақылау жоқ, — дейді ол.

Оның айтуынша, реформа туралы айтылып жатқанымен, бұл көбіне имитация. Іс жүзінде бәрі “баяғы жартас — сол жартас” күйінде қалып отыр.

Қоғам үнсіз болса, полиция да “жауапсыз” болады

Адвокаттың ойынша, қазіргі жүйеде халықтың заңды білмеуі — басты проблема. Өйткені полицияның әрекеті азаматтардың реакциясына байланысты. Халық үнсіз болса, бұл тәртіп сақшылары үшін “билет на вседозволенность” болып тұр.

Тілеужан Кішкенебаев

Азаматтарда заңнан сауат жоқ. Сондықтан полиция ойына келгенін істейді. Егер құқық бұзушылыққа қарсы арыз жазып, прокуратураға жүгініп, заңды талап етсе — олар да ойланар еді. Бірақ халықтың үнсіздігі оларды еркінсітеді, — дейді Кішкенебаев.

Реформа жоғарыдан емес, төменнен де басталуы керек

Қазақстандағы құқық қорғау жүйесін шынайы реформалау үшін тек заңнаманы өзгерту жеткіліксіз. Бұл — азаматтардың заңға деген қарым-қатынасы мен белсенділігіне тікелей байланысты. Егер қоғам өз құқығын талап етпесе, жүйе өзгермейді.

Тілеужан Кішкенебаевтың сөзінше, реформа тек есеппен емес, әрекетпен өлшенуі керек. Ал әрекет болу үшін, бірінші кезекте — халықтың заңға, ал құқық қорғау органдарының халыққа деген сенімі қалпына келуі тиіс.

Самал Асқар, arasha

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.