arasha.kz

Прокурордың бұрынғы орынбасары сотталды

Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Т.-ға қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіпте қайта қарады. Бұл туралы Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы сот үкімінің күшін жойды. Сотталушы Т ҚК-нің 106-бабы 3-бөлігі яғни абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылды. Оған сот 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады.

Бұдан бұрын бірінші сатыдағы сот Т-ны ҚК-нің 104-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған еді.

Бірінші сатыдағы сотқа алғашында Т-ның ісі ҚК-нің 106-бабы 3-бөлігі бойынша берілген. Алайда сот отырысында мемлекеттік айыптаушы-прокурор айыптауды жеңілдеткен. Яғни ҚК-нің 104-бабы 1-бөлігіне, яғни, абайсызда адам өліміне әкеп соғу бабына өзгерткен.

Айта кетейік, ҚПК-нің 337-бабы 7-бөлігіне сәйкес, егер прокурор айыпты өзгертсе, жәбірленуші бұрынғы айыптауды талап етпесе, сот істі жаңа айыптау бойынша қарайды.

– Сот отырысының аудио-бейне жазбасынан соттың айыптауды өзгертуге қатысты жәбірленушінің ұстанымын түсіндірмегені байқалады. Сот жарыссөзі барысында жәбірленуші ұсынылып отырған жазаға қатысты прокурормен келіспеген. Сонымен қатар, прокурор заң талабына сай айыптың жаңа уәжді тұжырымын жазбаша түрде ұсынбаған, – делінген хабарламада.

Еске салсақ, Мұнайлы ауданы прокурорының бұрынғы орынбасары – сотталушы Т. жанжал кезінде жәбірленуші М.-ның жамбас тұсынан тепкілеп, басынан жұдырықпен ұрған. Жарақат салдарынан жәбірленуші құлап, есін жимай қайтыс болған. Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтары мен сот-медициналық сараптамасының қорытындысы бойынша расталған.

Exit mobile version