Қазақстандық әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың кісі қаққан көмекшісі 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал әзілкештің өзі ірі көлемде айыппұл төлейді.
Қабатовтың көмекшісі 2019 жылы өзінің жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан, көлік тізгініне отырып, кісі қаққан. Апат салдарынан бір адам қайтыс болды. 16 тамызда Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданы сотында күдікті Қасенбайға қатысты үкім шықты.
Сотта Т.А.Қасенбайдың жол қозғалысы ережелерін бұзғаны, абайсызда адам өліміне әкелгені (қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі) және көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан, мас күйінде рөлге отырғаны (ҚК 346-бабы 1-бөлігі) анықталды.
Сот отырысында Қасенбай жол қозғалысы ережелерін бұзып, адам қаққанын ішінара мойындады. Мас күйінде көлік басқарғанын толық мойындап, ісіне өкінді.
Соған байланысты прокурор мен жәбірленушінің өкілдері, адвокаты Қасенбайды 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады.
«Сот қорытындысы бойынша сотталушының кінәсі куәгерлерлер, сарапшылар айғағы, қылмыстық іс материалдары бойынша дәлелденді. Іс бойынша сот қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқ. Сот үкімімен Қасенбай өмір бойына көлік жүргізу құқығынан және 4 жылға бас бостандығынан айырылды», – делінген ақпаратта.
Азаматтық талаптар бойынша жәбірленушінің анасы мен жұбайының материалдық, моральдық зиян өндіріп алу туралы талаптары ішінара қанағаттандырылды.
Сотталушы Қасенбай марқұмның анасына моральдық зиян ретінде 3 500 000 теңге төлейді.
Ал көлік иесі – Тұрсынбек Қабатов пен сотталушы Қасенбай марқұмның жарына 8 000 000 теңге төлейді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.