arasha.kz

Қарағандыда прокурорлардың араласуынан кейін 203 қызметкер үстеме жұмысқа ақы алды

Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданының прокуратурасы аудандағы денсаулық сақтау ұйымының қызметіне тексеру жүргізді.

Конституцияға сәйкес, әркімнің қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегі үшін ешқандай кемсітусіз сыйақы алуға, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға құқығы бар (24-бап).

Денсаулық сақтау ұйымдарында жұмысшылардың қауіпсіз еңбек жағдайларына әсер ететін өрт қауіпсіздігі, санитарлық – эпидемиологиялық талаптарды бұзу фактілері анықталды.

Еңбек кодексінде бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдарға ұзақтығы кемінде күнтізбелік алты күн болатын жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалыстары берілетіні көзделген (89-бап).

Алайда мүмкіндігі шектеулі қызметкерлерге қосымша ақы төленетін еңбек демалысы берілмеген.

Оның үстіне түнгі жұмысқа тарту кезінде олардың еңбек құқықтарының бұзылуы орын алған.

Сондай-ақ, үстеме жұмыс үшін төлем бұзушылықтармен жүргізілгені және қызметкердің күнделікті мөлшерлемесі негізінде бір жарым есе есептелмегені анықталды.

Бүгінгі таңда қадағалау актісі бойынша анықталған бұзушылықтар жойылып, 200-ден астам қызметкерге 29 миллион теңгеден астам соммаға үстеме жұмыс ақысы төленді. 2 149 медицина қызметкерінің құқығы қалпына келтірілді, 12 адам тәртіптік, 27 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 3 168 850 теңге айыппұл салынды.

Exit mobile version