11-05-24 |
29160 рет қаралған
Қазақстанда ұлттық намысты қорғаған қор болады, сот абақтыға жабады.
Қазақстанда ұлттық намысты қорғаған қор болады, сот абақтыға жабады

9 мамыр – екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталу мерекесі кезінде совет одағының туын көліктеріне желбірете іліп, көшеде кетіп бара жатқан көлікті тоқтатып, Қазақстанда мемлекеттік тудан өзге туды алып жүруге болмайтынын айтып, көлікті туларды алып, көлік иелерін эмоция жетегінде балағаттаған Алматы тұрғыны Жанболат Шайзаданы сот 5 тәулікке қамау алу туралы қаулы шығарды. Бұл мәселеге қатысты мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи үн қатып, ұлттық мінез көрсетіп, мемлекеттің намысын қорғайтын азаматтардың қорғалмай, қорғансыз болып отырғанын жазды.

«Ішкі саясаттың ұлттық намыстан жұрдай бір жандайшап нөкері Кремльді шошытып, шоршытып алмайық деген далбаса долбармен Жанболат Шайзаданы жазалау керек деп, прокуратураға ым қағады (АП жақтан сөз естіп қалмайын деп, перестраховка жасаған түрі);
Прокуратурадағы парықсыз орындаушы қалалық полицияға Жанболатты ұстап әкеліңдер деп команда береді (ертең ел не дейді, қазақ қоғамы толқып кетеді-ау деген ой топас миына кірмейді);
Қазақи ұлттық қасиетін карьера үшін айырбастап жіберуге жандәрмен болған полиция бастығы Жанболатты ұстап әкелуге екі сержантты жұмсайды (іздестіріп жатырмыз, қаладан сыртқа шығып кетіпті деп, бейкүнә жігітті құтқарып қалуға қам қыларлық қасиеттен жұрдай);
Екі сержант Жанболатты дедектетіп, әкімшілік сотқа алып келеді (үйінде жоқ екен, іздеп таба алмай жүрміз деп айта алмайды – сыйлықтан қағылуы мүмкін);
Саясатқа салдақы болған сот (сот емес – мот) Жанболатты бес күнге қамауға қаулы шығарады (шығармасам, өзім шығарылам деген қорқыныш ұлттық намысын таптап тастаған)!

Міне, халқының мемлекеттік намысын қоғап, ұлттық мінез көрсеткен жігітті жазалауға қатысқандар – тегіс қазақтар! Осыны ұлттық топастық демеске лаж бар ма?!
Бәрін қоялықшы, жандайшап жантықтар білген боғын жесін! Бірақ Жанболат Шайзадаға жасалған осы қиямет қиянаттан кейін ұлттық патриотизм туралы, қазақи қасиетті қорғауға қатысты азаматтық парыздың порша-поршасы шықпай ма?! Жанболатты озбырларға жығып берген мынау сорақылықты көрген қай қазақтың баласы ертең ел намысы үшін жанқиярлыққа бара алады?!
Құдай-ау, өз ұлтының намысын өзеуреген өзгеден қорғай алмайтын, қорғағанды – қор қылатын, бас көтергенді абақтыға айдайтын мұндай масқаралық қазақтан басқа қай елде бар екен?!», – деп жазады Ермұрат Бапи.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.