Қаржылық мониторинг агенттігі Ақтау қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Тимур Садвақасовтың іздеуде екенін растады. Оған алаяқтық және лауазымды тұлғаларға пара беруге итермелеу айыптары тағылып отыр.
Атап айтқанда, «Тиолайн» ЖШС-нің басшысы болған В.И. Долгалев пен басқа да құрылтайшылар арасында «Обуховское» кен орнына қатысу үлесін анықтау және одан түскен табысты бөлу мәселесінде келіспеушіліктер орын алған. Бұл даулар сот арқылы шешіліп келген.
«Өз кезегінде, Долгалев В.И. Садвақасов Т.Х. арқылы құқық қорғау органдарының лауазымды тұлғаларын сатып алуға әрекеттенген. Оның мақсаты – компанияның кейбір құрылтайшыларына қарсы қылмыстық іс қозғап, оларға қысым көрсету және заңды талаптарынан бас тартуға мәжбүрлеу болған», – деп хабарлады ведомство.
Бұған дейін сот Садвақасов пен іс бойынша басқа да айыпталушыларды ақтаған еді. Алайда прокуратура бұл шешімге қарсы шығып, сот үкімін жойды. Осыдан кейін күдікті жасырынған. Сот оны қамауға алу туралы қаулы шығарды.
ҚМА іздеуде жүрген адамның ықтимал орналасқан жері туралы ақпарат берген азаматтарға ақшалай сыйақы мен анонимдікті қамтамасыз ететінін мәлімдеді.