arasha.kz

Қостанай облысында мекеме басшысы жалған жұмысшыларды тіркеп ақша жымқырған

Осы жылдың 9 қыркүйегінде Қостанай облысының прокуратурасы бюджет қаражатын жымқыру туралы қылмыстық іс бойынша айыптау актісін жасады.

Тергеу барысында 2017 жылдың қазан айынан 2024 жылдың тамыз айына дейінгі кезеңде «Қостанай қалалық тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімделу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, адамдарды әртүрлі лауазымдарға жалған жұмысқа орналастырғаны анықталды.

Жұмыспен қамтылғандар жұмыс орындарына іс жүзінде келмеген, функционалдық міндеттерін орындамаған, ал басшы олардың шоттарына жалақы түрінде түскен ақшалай қаражатты иемденген.

Күдіктінің заңсыз әрекеті нәтижесінде мемлекетке 11 миллион теңгеден астам шығын келтірілген.

Оның әрекеті қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлігі 1), 2) тармақшасы бойынша сараланған (мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттi адамға теңестiрiлген адамның сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi қызмет бабын пайдалана отырып, iрi мөлшерде жымқыруы).

Жоғарыда көрсетілген баптың санкциясында мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Қылмыстық іс Қостанай қаласының № 2 сотына жолданды.

Exit mobile version