17-04-24 |
8390 рет қаралған
Қызды алып қашқан азамат сотталмады.
Қызды алып қашқан азамат сотталмады

Шымкенттегі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қыз алып қашу бойынша қылмыстық істі қарау аяқталды, деп жазды inform.kz.

Бейнежазбаға түсіп қалған оқиға осы жылдың басында болған. Қалалық прокуратураның мәліметінше, 16 қаңтарда Шымкент қалалық полициясының кезекші бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, қызын белгісіз біреу некеге тұру мақсатында ұрлап кеткенін хабарлаған. Полиция қызды қала сыртына алып кеткен көлікті тапты.

-Қылмыстық кодекстің 125-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы «Адам ұрлау» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Нәтижесінде Маңғыстау облысының тұрғыны ұсталып, екі айға қамауға алынды. Бұл іс қалалық прокуратураның ерекше бақылауында, – деп хабарлады қадағалау органы күдіктіні ұстағаннан кейін.

Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сотталушы мен ол ұрлап кеткен қыздың әлеуметтік желі арқылы танысқаны белгілі болды.

«Сотталушы Г жәбірленуші А-мен Instagram желісі арқылы танысқан. Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласынан келген. Некеге тұру мақсатында ұрлап әкетіп, бірге Маңғыстау облысына қарай кетіп қалған», – делінген ауданаралық хабарламада.

Бір күн бұрын жігітке қатысты үкім жарияланған болатын. Белгілі болғандай, тергеу мен сот барысында ұрланған қыз мен оның ата-анасы жігітті кешірген. Оның өзі сотта кінәсін мойындады. Осы себепті сот отырысына төрағалық еткен судья Сәбит Төреханов сотталушыны кінәлі деп тауып, оны бас бостандығынан айырмау туралы шешім қабылдады.

-Сот жаза тағайындау кезінде жазасын жеңілдететін мән-жайлардың болуын және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын, оның жеке басында соттылығының жоқтығын, сондай-ақ жәбірленушінің бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындау туралы пікірін ескерді. Сот үкімімен Г., ҚК-нің 125-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған ҚК-нің 63-бабын қолдана отырып, 4 жылға дейін шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ”, – делінген хабарламада.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.