Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша өтіп жатқан алдын ала сот тыңдауында прокурор Айжан Аймағанова айыптау актісін оқып, оқиғаның хронологиясын жариялады.
«2022 жылы 16 желтоқсанда Бишімбаев Нүкеновамен некеге тұрды, бірақ олар ресми түрде қарым-қатынасын тіркемей, азаматтық некеде тұрды. Бірге өмір сүрген күннен бастап Бишімбаевпен қарым-қатынасында ашуланшақтық, агрессивтілік және эгоцентризм байқала бастаған. Бишімбаев Нүкенованың туыстарымен және достарымен сөйлесуіне және кездесуіне тыйым салған, оның барлық телефон қоңырауларын, SMS хат алмасуын, сондай-ақ оның қозғалысын бақылаған. Сондай-ақ, ол сол кезде Нүкеноваға жақсы ақшалай кіріс әкелетін пайдалы қызметпен айналысуға тыйым салған, осылайша оны тәуелсіздіктен және онымен қарым-қатынаста өз ойы болуы құқығынан айырды. Ол оны өзіне толықтай қаржылық тәуелді адамға айналдырды.
Сонымен, 2023 жылдың наурыз айының ортасында тергеу нақты күнін анықтаған жоқ, Бишімбаев үйінде отырып, Нүкенованы қызғаныш пен агрессивтілік негізінде жүйелі түрде ұрып-соққан. Атап айтқанда, жұдырығымен, қолымен оның денесі мен бетіне қасақана соққы жасаған және аяқтарын ұрып, денсаулығына зиянын тигізген. 2023 жылғы 20 наурызда Нүкенова Бишімбаевтың келтірген жарақатын ұялы телефон арқылы суретке түсіріп, WhatsApp мессенджері арқылы ағасы Амангелдіге жіберген, бірақ ештеңе сұрамауды және ешқандай шешім қабылдамауды өтінген. Алайда, Амангелді Нүкенованың соққыға жығылған түрін көріп, олардың үйіне барып, Бишімбаевпен сөйлесіп, Нүкенованы ажырасуға көндірген
2023 жылдың сәуір айында Бишімбаев Нүкенованың туыстарында оның бет-әлпетін ұрып-соққан суреті бар екенін біліп, егер олар ажырасатын болса, оны осы фотосуреттермен бопсалауы мүмкін деп болжап, Нүкеновадан оның жалаңаш күйде интимдік видео түсіруді талап еткен. Бұл оның кепілі болатынын түсіндірген. Өз кезегінде Нүкенова Бишімбаевтың әрекетінен қорқып, үнемі күйзеліске ұшырап, бұл талапты өз еркінен тыс орындап, өзін киімсіз түсіруге рұқсат беруге мәжбүр болды», – деді прокурор.
Прокурордың сөзінше, Бишімбаев пен Нүкенова былтыр 9 қарашада концертке барып, сонда жанжалдасып, кейін Астанадағы Bau ресторанына келген. Прокуратураның дерегінше, «Бишімбаев мейрамханада Нүкенованы боқтап, абыройын төгетін сөздер айтып, сатып алып берген киімдері мен әшекейлерін міндетсінген. Осыдан соң Нүкенова киімдері мен әшекейлерінің бәрін шешіп, лақтырған. Бұған Бишімбаев қатты ашуланып, Нүкенованы боқтап, ұрып, шашын жұлған. Нүкенова қорыққаннан мейрамханадағы дәретханаға жасырынған. Бірақ Бишімбаев дәретхана есігін бұзып, Нүкенованы жұдырықпен ұрып, тепкілей бастаған. Одан соң Нүкенованы басынан ұстап, қылқындырған. Кейін Бишімбаев Нүкенованың ес-түссіз, демалмай жатқанын түсінген соң ғана тоқтаған. Бишімбаев Нүкенованы аса қатыгездікпен аямай соққан. Соның нәтижесінде Нүкенова көз жұмған», – деді прокурор Аймағанова.
Бірінші сот отырысында Қуандық Бишімбаев өз кінәсін мойындамайтынын айтып, БАҚ өкілдері мен алқабилердің қатысуымен ашық сот отырысын өткізуді сұрады. Оның адвокаттарының бірі Назкен Құсайынова «Істі аса қатыгездікпен адам өлтіру деп саралауға негіз жоқ. Тергеу Нүкенованы жиі ұрғанын, материалдық тұрғыда тәуелді болғанын дәлелдей алмады. Қорғау тарабы сотқа дейінгі тергеуді қайта жүргізіп, Бишімбаевтың әрекетін «Адамды абайсызда өлтіріп алу» бабына ауыстыруды сұрайды» деді.