Соңғы аптада Алматы облысы Талғар ауданында орын алған қайғылы оқиғалар қоғамда кеңінен талқылануда. Әлеуметтік желілерде және ақпарат құралдарында жасөспірім Шерзат Болаттың өлімі мен оның отбасының үйінің өртенуі басты назарда. Бұл оқиғалар елдегі ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлықтың ықпалын қайта қозғап отыр.
Тергеу барысы
Шерзат Болат 4 қазанға қараған түні Талғарда қылмыстық оқиғаның құрбаны болды. Оның өліміне қатысты бастапқы тергеу барысы көпшілікке тікелей эфир арқылы көрсетілді, алайда қоғам бұл оқиғаға күдікпен қарап, көптеген сұрақтар қойды. Тергеу кезінде дүкеннен алынған заттар, оның ішінде сыра мен шылымдар, күдіктілердің әрекеттері тергеудің басты дәлелдері ретінде көрсетілді. Алайда бейнебақылау камераларындағы жазбалардың өшірілуі туралы ақпараттардың таралуы тергеуге деген сенімге көлеңке түсірді.
Прокуратураның хабарлауынша, осы іске қатысты 10 адам күдікті деп танылды, олардың ішінде Нұрқияс Ілиясов, Равиль Сакиев және Абзал Шынасыл бар. Бұрынғы қылмыстық істер мен олардың арасындағы жанжалдар бұл оқиғаға тағы бір қылмыстық топтың ықпалын көрсетіп отыр.
Күдіктілерге қатысты алдыңғы қылмыстық істер
Нұрқияс Ілиясов пен оның серіктестеріне қатысты бірнеше қылмыстық іс анықталды. Qaz365.kz хабарлауынша, 2019 жылдан бері олардың аты бірқатар ауыр қылмыстармен байланысты болған:
2019 жыл: Нұрқияс Ілиясов пен Д.Қалғұлов арасындағы жанжал кезінде Ардақ Нұржұманов Қалғұловты ұрып өлтірген. Нұржұманов 8 жылға сотталды.
2020 жыл: Нұрқияс Ілиясов Талғарда Есбол Ережепов, Бақыт Ауғанбек және Рахат Ақкөзеновті өлтірген. Алайда іс татуласудан соң жабылған.
2020 жыл: Ілиясов пен Равиль Сакиев «Веранда» дәмханасында Диас Хабитұлын ұрып, Ілиясов 3 жылға, Сакиев 2 жыл 6 айға шартты түрде сотталған.
2023 жыл: Нұрқияс Ілиясов, Ернұр Ілиясов пен Абзал Шынасыл А.Манапты ұрып-соққан. Сонымен қатар, «Хан» барында Ілиясов Р. Труспековке жеңіл дене жарақатын салған. Екі іс те татуласумен аяқталған.
2023 жылдың қыркүйегі: Нұрқияс Ілиясов М.Сүлейменовқа дене жарақатын салған, бұл іс те татуласумен жабылған.
2023 жылдың желтоқсаны: Ернұр Ілиясов «Сказки» кафесінде М.Качакбайды пышақтап, оларға пробациялық бақылау орнатылған.
2024 жыл: Нұрқияс пен Ернұр Ілиясов бұзақылық бойынша бас бостандығынан шектелген.
Бұл фактілер Ілиясов пен оның айналасындағы адамдардың қатысуымен орын алған қылмыстардың жүйелі түрде татуласумен жабылып келгенін көрсетіп отыр. Құқық қорғау органдарының мұндай әрекеттері қоғамда әділетсіздік пен құқық қорғау жүйесіне деген сенімнің төмендеуіне алып келуде.
Өрт және жаңа күдіктер
12 қазанда Шерзаттың отбасының үйі өртеніп кеткені туралы ақпарат қоғамды тағы да дүр сілкіндірді. Полиция өрттің сыртқы от көзінен басталғанын анықтап, оқиға орнына арнайы сараптама тағайындады. Өрт кезінде табылған заттар, соның ішінде канистр мен қолғаптар, қосымша тергеу жұмыстарына жіберілді. Бұл жағдай Шерзаттың өліміне қатысты оқиғаларды одан әрі шиеленістіріп, халық арасында жаңа сұрақтар туындатты.
Ұйымдасқан қылмыстық топтар мен олардың ықпалы
Талғардағы оқиға тек жеке қылмыстық іс емес, ұйымдасқан қылмыстық топтардың қоғамға тигізіп отырған зияны мен олардың құқық қорғау органдарымен байланысының дәлелі болып отыр. Бұл туралы кәсіпкер Маргулан Сейсембай өз пікірімен бөлісіп: «Мұндай оқиғалар қоғамның назарын бекер аудармайды. Егер ұйымдасқан қылмыс мемлекет ішіндегі жемқорлыққа сүйенбеген болса, мұндай қайғылы жағдайлар орын алмас еді», — деп атап өтті.
Сейсембайдың бұл пікірі қоғамда кең талқыланып, құқық қорғау органдарының жұмысын жақсартуға қатысты ұсыныстардың пайда болуына түрткі болды. Қоғамда құқық қорғау органдарының арасындағы жемқорлықты жою қажеттілігі көптен бері айтылып келеді, алайда бұл жолы мәселенің күрделілігі одан әрі тереңдей түсті.
Жемқорлықпен күрес: құқық қорғау органдарын тазалау қажет пе?
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен ұйымдасқан қылмыстық топтардың арасындағы байланыс ұзақ уақыт бойы талқыланып келеді. Талғардағы оқиға бұл байланысты тағы да ашып көрсетті. Кез келген ұйымдасқан қылмыстық топтардың артында жемқор құқық қорғау органдары тұрса, олардың әрекеттері одан сайын күшейе түседі. Сондықтан қоғам бұл жолы тек қылмыскерлерді ғана емес, оларға қолдау көрсетіп отырған құқық қорғау жүйесіндегі қызметкерлерді де тазалауды талап етуде.
Қайғыға ортақтасу және әділдікке деген үміт
Шерзат Болаттың отбасы мен жақындарына көңіл айта отырып, бұл қайғылы оқиға әділдік орнағанға дейін тоқтамайды деген сенімімізді білдіреміз. Қоғам бұл оқиғаға кінәлілердің барлығын жауапқа тартуды және әділ соттың жүзеге асуын талап етеді.
Самал Асқар, arasha
-
19.12.2024
-
19.12.2024
-
19.12.2024
-
19.12.2024
-
19.12.2024
-
19.12.2024
-
19.12.2024
-
19.12.2024
-
18.12.2024