16-04-21 |
1680 рет қаралған
ШҚО-да шенеуніктер кабинетте жұдырықтасып жүр.
ШҚО-да шенеуніктер кабинетте жұдырықтасып жүр

Шығыс Қазақстан облысында жарысып, дөрекі әрекеттерге барған шенеуніктер ұятқа қалды. Өңірде қызметкеріне жұдырық ала жүгіріп мұрнын ісіріп қойған Әділет департаментінің бөлім басшысы Сержан Мұхамеджановқа қатысты тәртіптік іс қозғалды.

Білдей мемлекеттік қызметте жүріп, тәртіпсіздік жасау – ШҚО шенеуніктері үшін әдетке айналғандай. Осыған дейін Шығыс Қазақстан облысы Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Мирас Жұмағұлов  қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылғанын жазған едік. Ал бүгін қызметінен босады.

Басшылар тарапынан қызмет барысында дауыс көтеру былай тұрсын, тіпті жұдырық ала жүгіретіндері бар. Мәселен, Әділет департаментінің бөлім басшысы Сержан Мұхамеджанов қарамағындағы инспекторды кабинетінде соққыға жыққан да, дереу декреттік демалысқа шығып кеткен. 

«Ол кісі Әділет департаменті тәртіптік кеңесінің төрағасы. Төрағасы бола тұра осындай жасады. Дауысын қатты көтеріп, менің беделімді түсіріп, Сіз осылай істедіңіз деп маған, мен бәрін дәлелдеп айтайын деп едім, бұл кісі тыңдамай, жұмыс үстелді айналып, мұрнымнан соқты. Қатты соқты, қан аққан жоқ, бірақ танауым ісіп кетті», – дейді ШҚО Әділет департаментінің инспекторы Жанат Қадырбеков. 

Ал бөлім басшысы Сержан Мұхамеджанов осы оқиғадан кейін дереу бала күтіміне байланысты декреттік демалысқа шығып кеткен екен. Қазір мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстағы департаменті тексеріс жүргізіп жатыр. 

«Дөрекілік таныту іс-әрекеті анықталған. Бұл бойынша қазір тәртіптік іс қозғалып, тексеру амалдары жүргізілуде», – дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ШҚО бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Еркебаев.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.