22 мамырда Шымкенттегі «Меланж» кәсіпорнының алдында жиырмадан аса жұмысшы жалақысы өтелмегенін және жұмыссыз қалғанын айтып наразылық білдірді, деп жазды Азаттық.
«Меланж» және «Ютекс» акционерлік қоғамының жұмысшылары бірнеше ай бойғы жалақыларын ала алмай қалғанына, үш жылдан бері жұмыссыз жүргендеріне шағымданды. Наразылардың бірі Жұмагүл Байжанованың Азаттыққа айтуынша, екі кәсіпорынның жұмысы тоқтағаннан кейін жүздеген адам жұмыссыз қалған.
– Жұмыс неге тоқтағаны бізге беймәлім. Қазір табылған жұмысты істеп жүрміз. Біріміз еден жуамыз, енді біріміз ыдыс-аяқ жуып күн көреміз, – дейді ол.
Жұмысшы Әбдімәлік Қырбасов жұмысы тоқтап қалған кәсіпорыннан бір жылдық жалақысын ала алмай қалғанын айтады. Оның сөзінше, өтелмей қалған еңбекақысының мөлшері – екі жарым миллион теңге. «Қалай күн көрерімді білмеймін? Кәсіпорын іске қосылса барлық мәселе шешілетін еді» дейді ол.
«Меланж» кәсіпорнына барған Азаттық тілшісін күзетшілер «кәсіпорын әкімшілігі жұмыс орнында жоғын» айтып ішке кіргізбеді. Наразы топ кәсіпорын ауласында бір сағат шамасында тұрды. Екі кәсіпорын мен жергілікті әкімшіліктен ешкім келмеген соң тарады.
Жұмысшылардың шағымы бойынша Азаттық тілшісі қалалық еңбек инспекциясына сұрау салды. Инспекцияның хабарлауынша, «Меланж» және «Ютекс» кәсіпорындарында 723 адам жұмыс істеген. Олар жұмысын 2016 жылы жұмысын тоқтатқан. «Кәсіпорындардың тоқтап қалуына компания басшылары мен қор арасында туған келіспеушіліктер себеп болған. «Меланж» және «Ютекс» кәсіпорнының жұмысшыларының негізгі бөлігінің жалақысын қор өтеген» деп жазылған еңбек инспекциясының жауабында. Жұмысшылардың жалақысы уақытылы өтелмеген соң кәсіпорындар әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
2018 жылы екі кәсіпорын да банкрот деп танылған. Кәсіпорындар мен Қазақстан инвестициялық қоры арасында жасалған келісім-шарт орындалмай, іс сотқа жеткен. «Сот шешімімен екі компания қордың меншігіне өткен» деп хабарлады инспекция.
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
21.11.2024