Аймақтағы прокуратураның хабарлауынша, жұмыс берушілер мүгедектігі бар қызметкерлерден жеке табыс салығын заңға қайшы түрде ұстап келген. Бұл – Салық кодексінде тікелей тыйым салынған жағдай.
«2023–2024 жылдары Ақжар, Есіл, Мамлют, Тайынша аудандары мен Ғ. Мүсірепов және Шал ақын аудандарындағы жұмыс берушілер 366 мүмкіндігі шектеулі қызметкерден жалпы сомасы 16,9 миллион теңге көлемінде жеке табыс салығын заңсыз ұстаған», – делінген мәлімдемеде.
Сонымен қатар, Есіл ауданында білім бөлімі қызметкерлері мүгедектігі бар балалардың 24 заңды өкілінен негізсіз түрде 1,7 миллион теңге салық ұстап қалған.
Прокурорлық қадағалау нәтижесінде азаматтарға 6,2 миллион теңге қайтарылды, қалған қаражатты қайтару жұмыстары жалғасуда.
Прокуратура кінәлі тұлғалардың жауапкершілікке тартылатынын да нақтылады.