Мемлекет басшысы “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында сот және құқық қорғау жүйесіндегі күрделі реформалар – азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудың және олардың қауіпсіздігін күшейтудің негізгі факторы екенін айтып, «Сот шешімдерінің сапасын арттыру үшін бірқатар маңызды шараларды жүзеге асыру қажет», – деген еді. Шын мәнінде, қоғамның сот төрелігі, әділдік, туралық туралы пікірі соттың шығарған сот актілеріне қарай қалыптасып жататыны жасырын емес. Әдетте «судья – халықтың ары, мемлекеттің айнасы» дейміз. Ал, сот актісі – кез келген судьяның жұмысы мен сауатының көрсеткіші. Сондықтан, мемлекет басшысы тарапынан берілген тапсырма аясында соттарда маңызды реформаларды жүзеге асыру қолға алынды. Осы орайда «Кеңсекен істе кемшілік болмайды», – демекші сот төрелігін заманға сай жаңғыртуда судьялар мен адвокаттардың, заңгерлер мен сот қызметкерлерінің ұсынысы ескеріліп, әзірленген «Сот жүйесінің 7 түйіні» жобасы бір төбе десек қателеспейміз. Оның бір бағыты «Сапалы нәтиже» еді. Аталған бағыт шеңберінде сот актілерінің сапасын арттыру бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілді.
Атап айтсақ, елімізде сот актілерінің сапасын арттыру үшін жаңа нормативтік қаулылар қабылданып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Азаматтық істер бойынша сот шешiмi туралы» нормативтік қаулысына 2018 жылдың 1 қыркүйегінен бастап өзгерістер енгізілді. Бұл нормативтік қаулыға енгізілген өзгерістер екі бағытты қамтыды. Мәселен, құрылымдық, пішіндік және мазмұндық талаптарға сай келетін сот актілерін шығару және сот шешімінің мәнін түсіндіру. Өзгерістер мен толықтыруларда АПК-нің 222-бабының екінші бөлігіне сәйкес төрағалық етуші сот шешімі жария етілгеннен кейін оны қабылдаудың құқықтық негіздері мен салдарларын ауызша түсіндіретіндігі көрсетілді. Түсіндірме түсініксіз болған жағдайда тараптарға нақтылаушы сұрақтар қою мүмкіндігі беріліп, бұл туралы сот отырысының хаттамасында тиісті белгі қойылатындығы екшеленген болатын. Өткенге көз салсақ, бұрын сот актілерінде қоғам түсіне бермейтін аударма, термин сөздер жиі қолданылып, сөйлемдер қиын, түсініксіз тілмен жазылатын. Сот актілерінде шұбалаңқы сөйлемдер жиі қолданылатындықтан, соңына дейін оқып үлгергенше жоғарыда баяндалған мәлімет ұмытылып қалатын кездер жиі кездесетін. Оның үстіне, төрағалық етуші мұндай қорытындыға неге келгенін түсіндіріп жатпайтын. Бұл сотқа қатысушыларды жиі түсінбеушілікке алып келетін. Мұның соңы тағы да сотқа жүгіну, басқа органдарға арыз жазумен «сыйырқұйымшақтанып» жалғаса беретін. Судьяның кәсіби деңгейіне күмәнді көбейтетін.
Жоғарғы соттың бекіткен нормативтік қаулылары жоғарыда аталған кемшіліктерді жойып, сот актілерінің жаңа параметрлері жасалып, сот шешімдері мен үкімдерінің мазмұнына, құрылымына, тіліне қатысты талаптар өзгертілді, сот шешімдері қарапайым әрі жатық тілмен түсіндірілетін болды.
Сонымен қатар, сот актілерінің сапасын арттыру бағытында Жоғарғы Соттың ұйымдастыруымен облыстық, аудандық соттар судьяларының қатысуымен семинар-тренингтер өткізіліп, арнайы оқулықтарда жарық көрді. Соның бірі қылмыстық және азаматтық істер бойынша 300 сот актілерінен және көлемі 700 беттен тұратын «Сот актілерінің мемлекеттік тілдегі үлгілері» жинағы. Бүгінде таңдаулы сот актілері жинақталған жинақ судьялар мен сот қызметкерлері үшін көмекші құралға айналды. Сот актілерінің сапасын арттыруда тағы бір айта кетерлігі, резонансты істер бойынша соттармен сот шешімі шыққан соң жедел әрі сапалы ақпарат тарату жолға қойылды. Сондай-ақ, Маңғыстауда өткен жылы сот актілерінің құрылымы мен сапасын жақсарту, судьялардың әдеби тіл нормаларын сақтау, заң терминдерін пайдалану, сот актісін түсіндіру мақсатында азаматтық, әкімшілік, әкімшілік құқық бұзушылық, қылмыстық істер бойынша ең үздік сот актісін шығарған және сот актісін ең үздік түсіндірген судьялар анықталғанын атап өткен жөн.
Қорыта айтсақ, сот актілерін ұғынықты тілде жазу әрі сапалы түсіндірулер сот билігінің оң имиджін нығайтуға, қоғамның сотқа деген сенімін қалыптастыруға септігін тигізеді.
АИДА АТАШЕВА, Маңғыстау облысының мамандандырылған
ауданаралық экономикалық сотының судьясы