Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Өскемен орман шаруашылығының «Бипэк Авто Қазақстан» АҚ-на орманды ұзақ мерзімді пайдалануға жалға беру шарттарын бұзу туралы талап қоюын қанағаттандырды.
2015 және 2017 жылдары мемлекет «Бипэк Авто Қазақстан» АҚ-на мемлекеттік қордан ұзақ мерзімді орман пайдалануға (49 жылға) орман ресурстарын берген. Орман кодексіне және шарттардың талаптарына сәйкес, Орман пайдаланушы жыл сайын орман алқабын пайдалану құқығына орман билетін алуға, өрттің алдын алудың жедел жоспарын әзірлеуге және Орман шаруашылығымен келісу үшін ұсынуға, сондай-ақ өз қаражаты есебінен уақытында оны жүзеге асыруға міндетті болған.
АҚ орманды пайдалану бойынша жоғарыда аталған шарттарды сақтамаған. Сонымен қатар, «Бипэк Авто Қазақстан» АҚ алаңында құрылыстар заңсыз тұрғызылған, бұл ретте, 2023 жылы АҚ орман қорының жер учаскесіне қызметі рұқсат құжаттарынсыз жүргізілген.
Сот шешімімен мемлекеттік мекеменің ұзақ мерзімді орман пайдалану шарттарын бұзу туралы талап қоюлары толық көлемде қанағаттандырылды.
Сот талап қоюды қанағаттандыра отырып, жауапкер тарапынан Орманды пайдалану ережелері мен шарттарында белгіленген ережені жүйелі түрде бұзуға жол берілгенін негізге алған, бұл Орман кодексінің 40-бабының талаптарына сәйкес, шартты бұзуға негіз болып табылады.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың қорытындыларымен және сот актісімен келісті. 169,7 гектар жер мемлекеттік орман қорына қайтарылды.