23-02-23 |
5180 рет қаралған
Сот жүйесінде сәтті реформа көп.
Сот жүйесінде сәтті реформа көп

Кез келген мемлекеттің ең басты ұстанымы – сот жүйесіне елдің сенімі жоғалмауы. Сондықтан аталған салаға кезеңдер сайын оң өзгерістер енгізіп, жүйелі реформаларды іске асырып отырған абзал. Қазақстан бұл тұрғыдан қалыс қалған жоқ, сонау Тәуелсіздік алған тұстан бері соттарды сараланған сүрлеуге салды. Соның бір дәлелі – қазір елімізде сала жан-жақты қамтылған, Қазақстанда халықаралық-экономикалық соттар, әкімшілік соттар, аса ауыр қылмыстық істер жөніндегі халықаралық мамандандырылған соттар жұмыс істейді. Сот жүйесіндегі көптеген Қылмыстық, Азаматтық, Қылмыстық-процессуалдық, Азаматтық-процессуалдық кодекстер, Еңбек кодексі және басқа да қоғамдық қатынастарды реттейтін заң актілері қабылданды. Таяуда жұмысын бастаған Конституциялық сотты да елеусіз қалдыруға болмайды. Мұндай тиімді процестер әлі де жалғасуда.

Сараланған сүрлеу – сенім кепілі

Тәуелсіз еліміздің ең алғашқы іргетасы сот жүйесі арқылы қаланғанын біреу білсе, біреу білмес. Қазақстанда соттардың тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған алғашқы қадам 1990 жылдың 23 қарашасындағы «Қазақ КСР сот құрылысы туралы» заңынан бастау алды десек, шындықтан алыс кетпейміз. Саяси жағдайдың өзгеруіне байланысты коммунистік партияның өктем идеологиялық ұрандары лезде құнын жоғалтып, жаңа заңда сот органдарының қызметіне «демократиялық құқықтық мемлекетті қалыптастыру», «демократияны қамтамасыз ету және халықтың өзін-өзі басқаруын одан әрі жетілдіру» сияқты принциптер енгізілді.

Негізі елімізде тәуелсіз сот жүйесін дамытудың маңызды кезеңі 2000 жылғы 25 желтоқсанда болды. Қазақстанның ұлттық сот жүйесі тарихи оқиғаға куә етті. Тәуелсіз сот жүйесін жетілдіруде атылмыш заң ғасыр жүгін арқалады десек, жаңылыспаймыз. Отандық сот жүйесінің халықаралық дәрежедегі беделі артып, жүйедегі кейбір озық үлгілер мен бастамалар шетелдіктерді қызықтырды. Аталған құжаттың негізінде мамандандырылған соттар құрылды. Сөйтіп, экономикалық, әкімшілік, әскери, ювеналды және қылмыстық істер бойынша мамандандырылған соттар жұмысын бастады. Жоғарғы Сот жанында Сот төрелігі академиясы мен Халықаралық кеңес құрылды. Жаңа технологиялар арқылы сот қызметі ашық, жедел әрі қолжетімді бола түсті. Республика соттарының сот мәжілісі залдары түгелдей аудио және бейнежазба құрылғыларымен жабдықталып, сот отырыстары жүз пайыз дыбыс-бейнежазба құрылғыларын қолдану арқылы өткізілуге көшті. Жаңа технология азаматтардың сотқа келуін міндеттемей, арыз-шағымын «Сот кабинеті» арқылы үйінен, кеңсесінен шықпай-ақ Жолдауына мүмкіндік ашты.

Бұдан соң 2007 жылдың 1 қаңтарында алқабилер институты өмірге келгенін жақсы білеміз. Осы жылы санкциялау шарасы прокуратура органының құзырынан алынып, сот жүйесінің ықпалына берілді. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Әділсот институтында судья болуға талпынған жоғары оқу орындары түлектерін тереңдетіп оқыту ісі басталды. Осы ретте Жоғарғы Соттың «Сот билігі» деген нормативтік қаулысы қабылданғанын да айта кеткен жөн. Дегенмен бәрі ауқымды жұмыстың іргетасы, яғни, бастамасы ғана болатын. Бұдан соң әділдікті ту еткен саланың жаңашылдығы үдей түсті.

Жаңа кезеңнің жаршысы

Соттың бағыт еткені әділдік болса, сол әділдікке жету жолында талай сындардан өтуі тиіс екені анық. 2010 жылдан бастап елде сот жүйесінің жұмысы мүлде жаңа форматқа ауысты. Мысалы, облыстық соттарда кассациялық инстансаны енгізумен бірге, қадағалау сатысы оңтайландырылды. Барлық жергілікті соттардың қызметтерін қадағалау функциясы Жоғарғы Сотқа берілді. Заңға енгізілген бұл өзгерістер әділсот жүйесінің көпсатылығын жоюға, істерді қарауды жеделдетуге және жеңілдетуге бағытталды.

Қазақстанның 2010-2020 жылдарға арналған «Құқықтық саясат тұжырымдамасына» сәйкес, сот процестерінің барлық сатыларын жетілдіру, сот жүйесінің ашықтығы мен мөлдірлігін қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібіне шықты. Бұл құжат құқық қорғау әлеуетін жүзеге асыру үшін мол мүмкіндіктер берді. 2019 жылдан бері «Сот төрелігінің жеті түйіні» жаңа бағдарламасы соттардың жұмыс стилін түбегейлі өзгертті. Оған себеп, бұл реформа жоғарыдан емес, төменнен бастау алды: жобалық менеджменттің негізінде оған тек судьялар ғана емес, сот процесіне қатысушылардың барлығы – адвокаттар, прокурорлар, медиаторлар, заңгерлік қауымдастықтың өкілдері белсене ат салысты. Кәсіби сот корпусын қалыптастыру мақсатында кәсіби бағалаудың жаңа стандарты енгізілді, сотты әкімшілендіру келушілерге жаңа технологиялар арқылы қызмет көрсете бастады. 2018 жылы соттарда 229 фронт-кеңсе ашылып, келушілер барлық қажетті қызметті «бір терезе» қағидаты арқылы жедел алатын болды.

Халықаралық ұйымдардың бағалауынша, дамыған елдермен салыстырғанда еліміздің соттары неғұрлым қолжетімді. Неге? Баж салығының көлемі аз, істер тез қаралады. Бұрын істің түпкілікті нүктесін қоюға 2,5 жылға жуық уақыт кетсе, қазір бұл мерзім бір жылдан аспайды.

Айтпақшы, былтыр ең басты жаңалықтардың бір болған Конституциялық сотты айтпай кетуге болмайды. Бұл маңызды орган бүтін мемлекеттің, әсіресе халықтың кез келген талап-арызына құлақ асып, әділдікті сақтауға септеседі. Осы арқылы Қазақстанның сот жүйесі одан әрі оңтайландырылып, азаматтардың сенімін арттырды деуге толық негіз бар. Бұл жаңалық жаңа кезеңнің жаршысына айналып, халқымызды әділдік туы астында бірігуге шақырары күмәнсіз.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.