Астана қаласының мамандандырылған қылмыстық сотының судьясы Саят Тәшімбаевтың заңсыз үкімінің салдарынан бір шаңырақ екі бірдей ұлынан айрылып отыр. Бұл туралы танымал заңгер Ләззат Ахтанова айтты.
Оның айтуынша, отбасылардың бірі ұлынан – тірідей айырылса, екіншісі қаныпезерлердің қолынан қаза тапқан. Екеуінің де артында шулап, отбасы мен балалары қалды. Әрқайсысында 4 баладан бар. 8 бірдей бала бір сәтте әкесіз қалды. Ол күйікке шыдамай, сап-сау жүрген екі жігіттің 71 жастағы әкесі бір айға жетпей, жүрек аурудан қайтыс болады. Бұл Мамильяновтар отбасында болып жатқан қайғылы жағдай.
«Эльмира есімді қыз хабарласып, менімен кездесіп, бір қылмыстық іс бойынша құқықтық көмек алғысы келетінін айтты. Екі жігіттің қарындасы екен. Қаршадай қыздың қайсарлығы болмағанда, кісі өлтірушілер әлі күнге бостандықта жүрер ме еді? Оқиға Астанада орын алған. Бәленің бәрі чаттағы дау-дамайдан басталады. Ағайынды Шағзат және Дудар Мамильяновтарға Сайранбеков деген жолдасы хабарласып, чаттағы артық сөзіне кешірім сұраса да, ана жақтағы Трайспаев Серіктің ашуы басылмай, жекпе-жекке шақырып жатқанын айтып, көмек сұрайды. Екі досты татуластырайық деген ниетпен үйлерінен шыққан ағайындылардың бірі әрине ол кезде өмірінің соңғы сәті екенін, ал екіншісі ағасының ажал құшуға бара жатқанын білген жоқ», – дейді ол.
Достасамыз деп барған “достары” оларды қару кезеп, күтіп алған. Ана жақтағы ағайынды Заиц Николай және Артем деген екі жігіттің алғашқысының әйелі Сомова В.В. ҚР Ішкі істер Министрлігінің қызметкері екен. Әйелінің, яғни МВД қызметкерінің атына тіркелген көлікке пышақ, күрек, тағы басқа қару-жараққа жататын саймандарды салып алып, бұлардың келуін тосып отырған алдын-ала сөз байласқан топ қанды қырғынды бастайды. Төбелес бастан-аяқ сол маңдағы камераға түсіп қалғандықтан, видеосында кімнің кімді тепкілеп жатқаны, кімнің кімге пышақ салғаны анық көрінген.
«Алайда біздің тергеу органдары мен сотқа айдан анық нәрсенің өзі дәлел емес екен. Қазір кішкене заңды белшесінен басуға аяқ тартатын шығар, әлеужелі бар, Жаңа Қазақстан деп, тәртіп күшейіп, заң үстемдік ете бастады деп, қуана бастап едік, кей жерлерде “баяғы жартас – бір жартас” сияқты. Қысқаша айтқанда, керісіп қалған достарды татуластырайық деп арағайындықпен барған ағайынды екі қазақ жігітінің бірі өліп, бірі 29 тамыз күнгі Астана қалалық қылмыстық сотының үкімімен негізсіз 12 жыл арқалап, кетіп отыр. Өлген ағасын да сырттай кінәлі етіп тапқан», – дейді заңгер Л. Ахтанова.
Ал үкімді шығарған судья С.Ташимбаев кім? Елордаға Ақтөбе сотынан ауысып келген атышулы судьяның заңсыз әрекеттері бұдан басқа істер бойынша да БАҚ беттерінде жарияланған екен.
«Ал күйеуіне кісі өлтіру үшін көлігін беріп қоятын, ол аздай, күйеуін құтқару үшін жәбірленушіні кінәлі етіп, бар кінәні марқұм жігіт пен інісіне жауып, бақандай 12 жылға соттатып жіберген Сомова В. бикеш әлі ҚР Ішкі істер министрлігінің қызметкері, қылы да қисайған жоқ. Керісінше лауазымын пайдаланып, іс материалдарындағы айдан анық нәрселерді бұрмалауға жол берген», – дейді заңгер.
Бастапқыда бар кінәні Грекин деген жігіт мойнына алып, қылмысты ұйымдасқан қылмыстық топ болып жасағанмен, жалғыз адамды соттайды. Аса ауыр қылмыс жасаған топты тергеу де, сот та ОПГ деп таппайды. Мамильянов Шағзатты өлтіргені үшін Грекин сотталады. Ал Шағзаттың інісі Дударды төбелесті ұйымдастырған деп, соттап жібереді. Бір жағдайдан екі іс қозғалған. Бірінде ана жақ – жәбірленушілер, екінші істе мына жақты – жәбірленуші деп тапқан. Істі зерттеген сайын “батпаққа” бата бересің.