12-06-24 |
5800 рет қаралған
Судьялар одағы – беделді қоғамдық бірлестіктің бірі.
Судьялар одағы – беделді қоғамдық бірлестіктің бірі

Республика көлемінде жұмысын жүргізіп, маңызды шаралардың басы-қасында жүрген, өз мақсат-міндетін биік деңгейде орындап келе жатқан қоғамдық бірлестіктер көп емес. Қамтитын аймағы кең болған соң ба, кейде республика деңгейінде жұмысын бастаған қоғамдық бірлестіктердің ғұмыры қысқа болып, өз мақсатына жете алмай ерте қызметін тоқтатып жатады. Ал республикадағы қазылар қауымының басын біріктіріп отырған Судьялар одағы қоғамдық бірлестігінің атқарған іс-шаралары, ұйытқы болған бастамалары өзгелерге үлгі боларлықтай.

Судьяларды бір ортаға топтастырып, бір ортақ бірлестік құру мәселесі тәуелсіздік алған кезден сәттен көтерілген болатын. Тіпті сол бастама туралы сөз болғанда судьялар бұл бірлестік ұжымның ұйымшылдығын нығайтып, қазыларды қызметте ғана емес, қоғамдық жұмыстарда да біріктіретін, жақсы, салауатты, сауапты істерге жинайтын орталық болуы керек дегенді жиі айтатын. Ақыры судьялар арасында талай талқыға түсіп, әбден сарапқа салынған бұл идеяны жүзеге асырып, шындыққа айналдырудың сәті 1996 жылы түскен еді.

Осы жылы республика судьяларының ең алғашқы съезі астана төрінде өтіп, еліміздің түкпір-түкпіріндегі беделді судьялардың басын біріктірді. Осы айтулы жиында қазылар қауымын ұйытатын, қолдайтын, қорғайтын «Судьялар одағы» қоғамдық бірлестігін құру туралы ұсыныс шешімін тауып, бірлестіктің алғашқы құрамы таныстырылып, Жарғысы бекітілген болатын. Міне, содан бергі отыз жылға жуық уақыт ішінде бұл қоғамдық бірлестік қанатын кеңге жайып, талай айтулы іс-шаралардың басы-қасында жүрді. Уақыт сынынан өткен бұл бірлестікті бүгінде судьялар өзінің қорғаны, жол көрсетушісі деп біледі. Шынымен де, Судьялар одағы қоғамдық бірлестігінің атқарған жұмысы ұшан-теңіз.

Одақ алғаш жұмысына кіріскен жылдан бері әр төрт жыл сайын республика судьяларының съезін өткізуге мұрындық болып келеді. Бұл съезд тек республиканың әр аймағында төрелік етіп жүрген судьяларды бір орталыққа жинаумен шектеліп қалмайды. Осы әр өңірден келген өкілдер ортаға салған маңызды мәселелерді шешіп, түйткілдерді тарқатып, кемшіліктерді бірігіп жеңуге мүмкіндік туғызады. Бүгінгі күнге дейін съездің биік мінберінен айтылған, көтерілген мәселелердің орындалмай қалғаны, назардан тыс ескерілмей кеткені жоқ. Сот саласындағы жаңашылдықтардың басым бөлігі осы съезде айтылған, ұсынылған пікір, лебіздердің негізінде қолға алынып, тәжірибеге енгізілген болатын. Әсіресе, Қазақстан заңдарын жаңғыртуда, жаңа құжаттардың қабылдануында, заңнамалардағы кемшіліктерді жоюда судьялар ұсынысының маңызы зор. Себебі, заңның осал тұсын, кемшілігін судьялардан артық ешкім білмейді. Турасын айтқанда «Судья – сөйлейтін заң, заң – сөйлемейтін судья». Ал өзі көріп, біліп, заңның тәжірибедегі кем-кетігін анықтаған судьяға заңның тез арада өзгертіліп, толықтырылғаны өте маңызды. Өйткені, заң солқылдақ болса, құжатқа нақтылық жетістпесе, одан ең алдымен тараптар ғана емес, судьяның өзі де зардап шегеді. Мұндай заң судья шешімінің сапасын төмендетеді, содан келіп сотқа деген сенім азаяды. Осыған орай, Судьялар одағы қоғамдық бірлестігінің бастамасымен бүгінге дейін заңдардың сапасын арттырып, бірыңғай тәжірибе қалыптастыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді.

Бұл қоғамдық бірлестік аға буын мен кейінгі буын арасындағы байланысты нығайтып, тәлімгерлік мектепті дамытуға, сонымен бірге, қызметтегі судьялардың біліктілігін арттырып, шеберлігін шыңдауға да барын салып келеді. Бір судьяның сауатсыз шешімі бүкіл сот беделіне көлеңке түсіреді. Сондықтан, судьяларды үнемі оқыту, тәжірибесін арттыру кезек күттірмейді. Судьялар одағының ұйытқы болуымен қазыларды оқытуға, білімін жетілдіруге үнемі көңіл бөлініп, тәжірибелі судьялардың, доғарыстағы судьялардың біргенімен бөлісуіне, оқыған-тоқығанын жастарға үйретуіне тұрақты назар аударылған. Бірлестік сондай-ақ, білікті судьяларды ынталандырып, еңбегін бағалауды, үздіктердің тәжірибесін республика көлемінде таратуды да жолға қойған. Бұл әдіс те үздіктерді дәріптеп, ұжымда жағымды атмосфера қалыптастыруға көмектеседі. «Үздік мана», «Үздік судья», «Үздік сот шешімі» деген секілді үздіктерді анықтауға бағытталған байқаулардың да мықты сот корпусын қалыптастыруға берері көп. Әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдары үшін жыл сайын ұйымдастырылатын «Үздік сот репортері» байқауының сот саласын сауатты жазатын, насихаттайтын журналистер шоғырын қалыптастырғанын айта кеткен артық болмас. Бұл конкурс сонымен бірге құқықтық тақырыпты жазуға ынталы журналистердің көбеюіне де оң әсерін тигізді.

Судьялар одағы қоғамдық бірлестігі елдік мәселелерден де шет қалған емес. Мәселен, республика көлемінде орын алған табиғи апат, төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен аймаққа көмек көрсетуден де бірлестік еш шет қалған емес. Мұндай кезде судьялар ұжым болып бірігіп, қаржылай да, құқықтық көмек көрсетуде де алдыңғы орында келеді.

Судьялар одағы қоғамдық бірлестігінің әр облыс, республикалық маңызы бар қалаларда өз филиалдары жемісті жұмыс жүргізіп келеді. Осы филиалдардың қайсысын алсаңыз да балаларға қамқорлық көрсетуді басты орынға қойған. Әр филиал өз өңіріндегі балалар үйін, жағдайы төмен отбасылардығ мүмкіндігі шектеулі жандарды қамқорлығына алып, үнемі қолдау көрсетіп келеді. Сонымен бірге, кез келген аудандық соттың «Мектепке жол» акциясына тұрақты қатысып, әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың балаларының мектепке қажетті заттарын алып беріп, алаңсыз білім алуына жағдай жасап отырғанынан көпшілік жақсы хабардар. Тіпті, Судьялар одағы қоғамдық бірлестігінің Шығыс Қазақстан облысындағы филиалы балалар үйіндегі 2-3 бүлдіршінді өз қамқорлығына алып, банктен арнайы шот ашып, онда тұрақты қаржы аударып отыратыны белгілі. Бала кәмелетке толғанша жиналатын бұл қаржыға тұрғын үй алып беру көзделген. Бүгінгі күнге дейін судьялардың қолдауымен бірнеше баланың үйлі болғанын да мақтанышпен айта кеткен жөн. Мұндай сауапты істер елімідің басқа өңірлерінде де жүзеге асатын болса, тағдырдан теперіш көрген талай жетім баланың баспана тауқыметі оң шешілетін еді.

Өңір судьяларының қатысуымен «Донор болу – өзгеге өмір сыйлау» қайырымдылық акциясының тұрақты жолға қойылуы, әр аймақта «Судьялар аллеясының» бой көтеруі де қоғамдық бірлестіктің үйлесімді жұмысының нәтижесі.

Судья қызметі жоғары концентрация мен күйзеліске төзімділікті талап етеді, сондықтан физикалық форманы сақтау судьяларға жүктемелерді еңсеруге көмектеседі. Осыны ескере отырып, Судьялар одағы қоғамдық бірлестігі республика көлемінде судьялар спартакиадасын да жыл сайын өткізіп келеді. Спорттың сегіз түрі бойынша өтетін спартакиада әр өңірдегі әріптестерді таныстырады, тығыз байланыста жұмыс істеуіне көмектеседі, ең бастысы, спорт  судьялардың денсаулығын нығайтып, тәртіп, әділдік және жылдам әрі тиімді шешім қабылдау секілді қасиеттерін қалыптастырады.

Осындай игілікті іс-шаралардың ұйытқысы болып келе жатқан Судьялар одағы қоғамдық бірлестігі басқа бірлестіктердің жұмысын жүйелеуіне тамаша үлгі болары анық.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.