«Жобалардың мемлекеттік ведомстводан тыс сараптамасы» филиалының директоры жемқорлық бойынша күдікке ілінді.
Құқық қолдану практикасы көрсеткендей, құқыққа қайшы әрекеттерді жасау ниеті жоспарлау кезеңінде, оның ішінде лауазымдық өкілеттіктерді кейіннен жымқыру және теріс пайдалану мүмкіндігі үшін жобалау-сметалық құжаттаманың құнын негізсіз арттыру арқылы туындайды.
Осыған байланысты, мақсатты жедел іс-шаралар өткізіліп, оның нәтижелері бойынша Алматы қаласындағы ауруханаларда, мектептерде және басқа да әлеуметтік маңызы бар объектілерде қазандықтарды қайта жаңарту бойынша жобалау-сметалық құжаттамаға оң қорытындылар беру кезінде аса ірі мөлшерде пара алу фактісі анықталды.
Ағымдағы жылдың 27 қазанында бұрын келісілген 73,5 млн теңгеден 12,2 млн теңге сомасында параның бір бөлігін алғаннан кейін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің Солтүстік өңірі бойынша «Жобалардың мемлекеттік ведомстводан тыс сараптамасы» ШЖҚ РМК филиалының директоры әшкереленді.
Параның бір бөлігін берген шенеунік пен компанияның құрылтайшысы соттың санкциясымен қамауға алынды.
Тергеу жалғасуда.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет кәсіпкерлерді барлық мәселелерді тек заңды тұрғыда шешуге шақырады.