Құрылыс саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты іс бойынша үкім шықты. Тараз қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрбол Қалдыбаев қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп танылып, төрт жылға бас бостандығынан айырылды.
Қалдыбаевпен бірге айыпталушылар қатарында мердігер ұйым өкілі де болды. Ол алаяқтық жасағаны үшін алты жылға сотталды.
Тергеу мәліметінше, 2022 жылғы шілдеден 2023 жылғы қарашаға дейін Қалдыбаев Тараз қаласы әкімдігінде құрылыс пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларын қадағалай отырып, елеулі заңбұзушылықтарға жол берген.
Атап айтқанда, «Ұлы дала» жаңа тұрғын ауданында екі көпқабатты үй әлі аяқталмаған күйінде пайдалануға қабылданған. Бұл нысандарға бюджеттен 1,2 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген.
Алғашында Қалдыбаевқа мүлікті иемдену және талан-таражға салу айыбы тағылған. Алайда тергеу барысында айып жеңілдетіліп, қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану бабына ауыстырылды. Келтірілген залал көлемі 137 миллион теңгені құраған.
Антикор Қалдыбаевты 2023 жылғы 11 желтоқсанда, оның отставкаға кеткенінен үш апта өткен соң ұстаған.
Сот барысында ол кінәсін мойындамаған. Бірақ мердігер Қалдыбаевтың нысандардың жағдайынан хабардар болғанын және жалған қабылдау актілеріне қол қойғанын растайтын айғақтар берген.