arasha.kz

Тәшенова: әлі Мамай мен Иманбаеваның бірге көше сыпырғанын көреміз

«Мамай мен Иманбаева кешірім сұрамаса және жала жабу видеосын жоймаса, онда 27 қазаннан бастап сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізу туралы заңға сәйкес борышкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тартуға (айыппұл салуға немесе қамауға алуға) бастамашылық етеді» – дейді заңгер Айжан Тәшенова.

Оның хабарлауынша, жауапкерлерді қоғамдық жұмыстарға тарту туралы өтініш жасалады. Демек, жақын арада олардың басты шоуының куәсі бола аламыз, яғни «Алматы көшелерін бірге сыпырғанын» көруіміз әбден мүмкін. Бұл туралы ол өзінің Facebook парақшасында мәлім етті. 

Тәшенованың айтуынша ол өткен аптада Алматы қалалық Полиция департаментіне тіркелмеген Қазақстан демократиялық партиясының белсендісі А.Дүйсебаеваға қатысты әкімшілік іс бойынша сұрау жіберген. Алматы қаласы Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы М.Саттаров жолдаған ресми жауапта А.Дүйсебаеваны жауапкершілікке тартуға оның 25 тамызда «Мерей» сауда орталығының жанында өткен рұқсат етілмеген митингке қатысуы себеп болғаны айтылған. Сәйкесінше, Бауыржан Байбектің бұл іске ешқандай қатысы жоқ.

«Бұл арада Мамай мен Иманбаева Б.Байбектің ар-намысы мен беделін қорғау туралы арызы бойынша сот шешімін әлі толық орындамағанын атап өткім келеді. Жауапкерлер мәжбүрлі түрде 876 402 теңге көлеміндегі сот шығындарын ғана өтеді. Бұл қаражатты менің сенім білдірушім аутизмі бар балаларға қайырымдылық көмек ретінде «Болашақ» корпоративтік қорына аударған болатын. Енді Мамай мен Иманбаева Б.Байбекке қатысты жалған материалдарды өшіріп, оларды теріске шығаруға міндетті немесе заңнамамен көзделген тәртіпте жаза тартады», – деп жазады заңгер әлеуметтік желідегі парақшасында.

Сонымен қатар, сот орындаушысы сотқа борышкерлердің әрқайсысынан 27 күн кешіктіргені үшін мемлекеттік кіріс есебіне 54 АЕК (157 518 теңге) сома көлеміндегі өсімпұлды мәжбүрлеп өндіріп алу туралы ұсыным жолдаған.

«Заңнамаға сәйкес атқарушылық іс жүргізу қозғалған күннен бастап 6 ай ішіндегі жауапкерлердің әрекетсіздігі Қылмыстық кодекс шеңберінде жазаға тартуға әкеледі: әрқайсысына 800 сағат көлемінде қоғамдық жұмыстар, 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру. Егер Мамай мен Иманбаева істі осыған дейін жеткізсе, біз олардың іс-әрекеттерінің абсолютті принципсіздігі мен әдепсіздігіне, басқалардың конституциялық құқықтарын бұзатын үздіксіз өтіріктеріне қарамастан, адамгершілікпен әрекет етіп, оларға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қолдануды талап етпейміз», – деп қорытындылапты Айжан Тәшенова.

Exit mobile version