arasha.kz

Теңдік орнауы үшін әйелдердің «тылында» тыныштық болуы керек

Қазақстанның Ата заңында ел азаматтарын жасына, жынысына, біліміне, ұстаған дініне қарап бөлуге, алалауға, кемсітуге болмайтыны көрсетілген. Сонымен бірге, еліміздің бас құжаты ерлер мен әйелдердің теңдікке, тең құқыққа ие екенінің кепілі. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері қыз-келіншектердің ерлермен қатар қызмет етіп, қоғамдық істерге араласуына қолдау көрсетіліп келеді. Әлем халқы мойындап отырған гендерлік саясаттың басты мақсаты да осы.

Әлбетте, «Қыздың орны – төр» дегенді отбасылық тәрбиенің ұстынына айналдырған қазақ елінде әйелге деген құрмет ерекше. Өйткені, «Әке баласын тәрбиелейді, әйел ұлтты тәрбиелейді». Қызға қамқорлық жасаудың артында осындай бүкіл ұлттың болашағына деген алаңдаушылық жатыр. Дегенмен, жаңа заманда әйелге деген көзқарастың өзгеруі, тереңдеуі заңдылық. Әрі мұндай ізгі қадам енді тек отбасылық, туыстық жанашырлықтың шегінде шешілмеуі керек. Бүгінгі заман азаматтардың әрбір ісінің, әрбір қадамының құқықтық тұрғыдан реттелуін міндеттейді. Осы ретте  әйелдер мен ерлердің теңдігін бекітетін заңдық негіздердің ел Конституциясы төңірегінде қалмай, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінде, «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» заңында, «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы»заңында, Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңында жан-жақты көрініс тапқанын айта кеткеніміз жөн.

  Бұл заңнамалардан бөлек, Елбасының жыл сайынғы Жолдауларында, мемлекеттің гендерлік теңдікке қатысты стратегиялық бағдарламаларында нәзік жандыларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғауды, отбасындағы рөлін күшейтуді, қоғамдық белсенділігін көтеруді көздейтін тетіктер барынша қарастырылды. Сондай-ақ, 2016 жылы 6 желтоқсанда қоғам өмірінің барлық салаларында гендерлік теңдік қағидаттарын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын бекіту туралы Елбасының қаулысы шыққаны мәлім. Бұл тұжырымдаманың мақсаты үлкен. Ең бастысы мұнда отбасылық және гендерлік саясатқа қол жеткізуге көмектесетін мүмкіндіктер тегіс ескерілген.

Жалпы, әлемдік тәжірибені саралайтын болсақ, бүгінге дейін отбасылық және гендерлік саясат саласын жандандыратын бірыңғай модель әлі қалыптаса қоймаған. Бұл түсінікті де. Өйткені, әр ел өзінің мемлекеттік басқару үрдісіне, ұлттық ерекшеліктеріне, халықтың менталитетіне қарап жұмысын жүйелейді. Сонымен бірге, қай елді алмасаңыз да гендерлік теңдік, әйелдер мүддесін отбасының жайлылығынан бөліп қарастырмайды. Әсіресе, өркениетті елдер отбасында береке орнаған әйелдің еңбегі де жемісті болатынын алға тартады. Сондықтан, әйелге жасалған қамқорлықтың негізгі бағыты балаға берілген игіліктертен тұрады. Соның жарқын дәлелі біз үлгі тұтатын Ұлыбританияда балалар 16 жасқа толғанға дейін мемлекеттен берілетін жәрдемақы үзілмейді. Оған қоса тегін медициналық сақтандыруға кепілдік беріліп, тұрғын үй алуда жеңілдік қарастырылған. Ал, Австралияда жалғызбасты аналар ғана емес, әкелердің де мемлекеттен көмек алуға құқығы бар. Швецияда да ата-аналар мемлекеттік жәрдемақыны бала кәмелеттік жасқа толғанға дейін алады. Яғни, әйелдердің бала дамуына алаңдамауына, қаржылық қиындықтарға бас қатырмауына болады. Осының өзі дамыған елдерде отбасылық құндылықтардың бағаланатынын көрсетсе керек. Біздің еліміздің әйелдер мәселесін шешуде олқы түсіп жатқан тұсы осы. Олай дейтініміз, отбасылы келіншектердің көпшілігі баласының болашағына алаңдап өзі қалаған оқуын оқи алмайды, мамандықты меңгеруге мүмкіндігі бола бермейді. Күнкөріс үшін кез келген жұмысқа бел шешіп кірісетін аналар өзінің жүрек қалауымен еңбек ете бермейді. Гендерлік саясат дегенді міне осы төңіректен іздеген дұрыс. Егер Ата заңда білім алуға, қалаған жұмысыңды істеуге, теңдікке кепілдік берілгенмен, оларды шын мәнінде жүзеге асыруға жағдай жасалмаса кепілдіктен, жалаң сөзден пайда жоқ. Өйткені, өзі таңдаған мамандықпен жұмыс істеген адам ғана табысқа жетеді. Жұмысты қызығып істейді, бар күш-қайратын жаңа идеялар туғызуға, жетістікке қол жеткізуге жұмсайды. Сондықтан, гендерлік теңдік саясаты нәтижелі болуы үшін қыз-келіншектердің ерлермен қатар қоғамды көтеруін ғана ойламай, олардың қиындықсыз білім алуына, жұмыс таңдауына мүмкіндік берген орынды. Егер отбасында татулық, береке болса, баланың тамағы тоқ, киімі бүтін болса әйелдер де өз басының жоғын түгендеп, өз қалауымен өмір сүруге талпыныс жасар еді. Ендеше, гендерлік саясатты тек ерлер мен әйелдердің қызметтегі, қоғамдағы теңқұқылығымен шектеу қате. Теңдік орнауы үшін әйелдердің «тылында» тыныштық, жайлылық жасау маңызды. Ол балаларға берілетін жәрдемақының жеткілікті болуымен, балабақшаға қолжетімділікпен, тегін медициналық көмектің кепілдігімен өлшенеді. Үйінде барлық мәселе шешімін тапқан әйел өзін қызықтырған салаға батыл араласады. Ері үшін, баласы үшін алаңдамай, қоғамға шынайы, адал қызмет етеді.

Расында, қанша жерден қызмет істеп, өз мамандығының мақтанышы болғанымен, әйел үшін отбасының тыныштығы, ерінің күтімі, баласының болашағы бірінші орында. Жұмысына ыждағаттылықпен қарап, тиянақтылығымен көзге түскен нәзік жандылар ұжымының ғана емес, жанұясының да берекесі. «Үйді қырық еркек толтыра алмайды, бір әйел толтырады», «Әйелдің қырық жаны бар» дегенді қазақ осындайда айтса керек.

Отбасының алтын қазығы болып, ұрпақ тәрбиелеп отырған әйелдер сот саласында да табысты еңбек етіп жүр. Қазылық етудің қыр-сырын жетік меңгеріп, әділ үкімімен көпшіліктің алғысына бөленген әйел-судьялар ата-анаға – мейірімді келін, күйеуіне – аяулы жар, балаларына – қамқор ана, достарына – сенімді серік.  Олар сонысымен де қадірлі.

Н.Батырхан,

Алматы қаласы Жетісу аудандық №2 сотының судьясы

Exit mobile version