arasha.kz

Тимур Құлыбаевтың атжалмандары ұрлаған акивтер… Депутат заңсыз шыққан активтердің елге қайтпай жатқанына қапалы

Депутат Ермұрат Бапи заңсыз жылыстатылған активтерді елге қайтару барысы неге кешеуілдетіліп жатқанын сұрап, ҚР Бас прокуроры Берік Асыловқа және ҚР Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіковке депутаттық сауал жолдады.

Оның айтуынша, осы міндетті орындау үшін президент өз жарлығымен уәкілетті орган – Активтерді қайтару жөніндегі комитет құрығанына кеше – 5 желтоқсанда екі ай болған. Сол екі айдың ішінде бұл Комитеттің іс-әрекеті жөнінде тырс еткен хабар жоқ. Комитеттің қызметінен Қазақстандық қоғам мақұрым. Сондықтан активтерді қайтару жөнінде заң қабылдаған депутаттардың Асылов пен Сүйіндіков мырзалардан мынау сұрақтардың жауабын білгісі келеді.

«Ел президенті белгілеген тапсырмаларды орындау бағытында Комитет қандай күштік-структуралық құрылыммен жұмыс істеп жатыр? Бүгінде Комитеттің құрамында қанша қызметкер бар? Еске салайын, президент алғашында Комитеттің штаттық саны 130 адам деп белгілеген еді. Комитеттің шетелдік юридикциялармен, халықаралық іздестіру бюроларымен жұмыс істейтін бөлімінде қанша қызметкен жұмыс істейді? Осы өткен екі айдың ішінде елге қайтарылған активтер бар ма? Болса, оның көлемі қандай? Соңғы бір ашық ақпаратқа қарағанда, сіздер Жәмішевтің «Қазақстан халқына» қорына бұған дейін түскен 850 миллиард теңгені малданып отырған жайларыңыз бар сияқты», – деді депутат.

Сондай-ақ ол қоғам алдында Комитеттің құпия емес алғашқы іс-шараларын жария етіп, көпшілік алдында бір пресс-конференция беретін уақыты келгенін атап өтті.

«Ұрланған активтер елге қайтады деген халықтың әзірге үзілмеген үміті мен сенімін күл-парша қылуға сіздердің қақыларыңыз жоқ. Біз де оған жол бермейміз! Президенттің пәрменін, қызмет-қарымы мен ел алдындағы қоғамдық беделін бағамдайтын бүгінгі бір өлшем – ұрланған активтерді елге қайтару екенін сіздерге ескертіп қойғым келеді! Ал енді Бас прокуратура мен оның Комитеті жым-жырт жатқан кезде, «ескі Қазақстанның» клептократтары ел экономикасын қайтадан басып алуға қам жасауда. Осы орайда менің қолыма жеткен инсайдерлік ақпаратты (көрсету) депутаттар алдында жария етіп, «ескі Қазақстанға» қызмет қылмақ ойы бар мүдделі лауазымгер азаматтарға ескерту жасағым келеді», – деді Е. Бапи.

Оның айтуынша, ұрланған активтерді елге қайтарады деп, сенім артқан Комитет ырғалып-жырғалып жүргенде, «ескі Қазақстанның» өзі бірте-бірте елге қайта бастаған сыңайлы.

«Ал Берік Ноғайұлы, Тимур Құлыбаевтың атжалмандары ұрлаған акивтер жөніндегі ақпаратты сіздің өзіңізге қосымша жолдап жіберемін. «СК Петролиум» серіктестігінен келіп түскен «Қазақстан-Қытай мұнай құбыры» концорциуымынан (директоры Талғат Жұмаділдаев пен оның ұлы Абылай Жұмаділдаевқа қатысты) ұрланып, шетелге тығылған 300 млн доллар активті іздеп қиналмайтын боласыздар!», – деді ол.

Exit mobile version