Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда болған атысқа қатысты мәселені құқықтық деңгейде шешуге тапсырма берді.
«Қаза болғандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Полиция қызметкері мен сот орындаушысы қызметтік міндетін орындау барысында жасалған шабуыл салдарынан көз жұмды. Адамдарды өлтіруге қандай себеп түрткі болғанына қарамастан оны ақтап алу болмайды. Өркениетті қоғамда кез келген даулы оқиғалар мен мәселелер тек құқықтық деңгейде шешілуі керек. Осыған орай, болған трагедияны егжей-тегжейлі қарап, шешу керек», – деді Тоқаев Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте.
Президенттің айтуынша, кредиторлар мен проблемалық қарыз алушылар арасындағы қарым-қатынас саласы, әсіресе баспанаға қатысты, өте сезімтал және заңнамалық жетілдіруді талап етеді. Бұл банктердің кепіл саясатына, бағалау қызметін реттеуге, жеке сот орындаушылары мен басқа да аспектілерге қатысты.
«Бұл банктердің кепілдік саясатына, бағалау қызметін реттеуге, жеке сот орындаушыларының жұмысына және басқа да аспектілерге қатысты болып тұр. Осы мәселелер төңірегінде ашық және біркелкі сот практикасын қамтамасыз ету аса маңызды. Қажет болған жағдайда үкімет, ұлттық банк пен қаржылық реттеу жөніндегі агенттік бір ай мерзімде заңнамалық және нормативтік түзетулер топтамасын әзірлеуі керек. Бірақ менің ойымша, мұндай қажеттілік туындап отыр. Алайда мамандар бұл мәселені тағы да мұқият зерделеуі керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент үкімет пен әкімдікке Алматыдағы қайғылы жағдайдан зардап шеккендердің бәріне, әсіресе бірінші кезекте балаларға қолдау көрсету қажеттігін айтты.
«Балалардың ешқандай кінәсі жоқ. Олар жалпыға ортақ немқұрайлылықтың құрбаны болды. Балалар қоғамымыздың әділдігіне деген сеніммен өсуі маңызды.
Егер үкімет пен мамандар мұқият қарап түзетулерді дайындайтын болса, жұртшылықпен келісіліп, келесі жылдың басынан бастап күшіне енуі керек», – деді Тоқаев.
Естеріңізге сала кетейік, 20 қыркүйек күні Алматының Алатау ауданындағы Ақбұлақ ықшамауданында бес адам қаза болды.